Маңғыстау облысында жалған дипломмен сабақ берген мұғалімдер анықталды

Маңғыстау облысында жалған дипломмен сабақ берген мұғалімдер анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Прокуратура Маңғыстау облысының колледждерінде жалған дипломдармен жұмыс істеген қызметкерлерді анықтады. Жалған құжат пайдаланылған 8 дерек анықталған, яғни Ақтау колледждерінде 5 оқытушы, Қарақия ауданында 3 оқытушы жұмыс істеген.

Прокурорлар барлық дерек бойынша соталды тергеп-тексеруді бастап, материалдарды одан әрі тергеу үшін полиция органдарына жолдаған.

Мысалы, құқықбұзушылардың бірі 2 жыл бойы Қарақия кәсіптік колледжінде жалған дипломмен тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша оқытушының жұмысын атқарған.

Қарақия ауданының соты оған ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі (көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша 30 сағат қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындап, қылмыстық жауаптылыққа тартты.

Осыған ұқсас құқықбұзушылық үшін сот сол колледждің тағы екі оқытушысына қатысты үкім шығарды, олар жұмыстан босатылды.

Төрт эпизод бойынша полиция органдарының соталды тергеп-тексеру жүргізген қылмыстық істері рақымшылық актісі бойынша тоқтатылды.

Бір дерек бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!