Дәрігерлер династиясы: Таразда жүрек ауруларын емдейтін отбасы бар

Таразда жылына 3 мыңға жуық тұрғынның жүрегіне операция жасайтын отбасы бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Абдуталып Аширов пен оның жолын қуған қос ұлы үнемі біліктілігін арттырумен келеді. Медицинадағы кейінгі технологияларды да меңгерген. Жақында еліміз бойынша алғаш рет дефибриллятордың жаңа түрін жүрекке орнатты. Абдуталып Аширов өмірінің 40 жылын кардиохирургияға арнаған. Осы уақыт ішінде 4 мыңнан аса науқасқа ашық ота жасап, өміріне араша болды. 66 жасқа келген ақ халатты жан тәжірибесін бөлісіп, әлі күнге ем шара жүргізеді.

"Әлемдік статистика бойынша, жүрекпен келетін науқастардың 70 пайызы - коронарлық артерия ауруына шалдыққандар. Ал 15 пайызы - туабітті жүрек ауруы барлар. Жалпы, жыл санап, бұл ауру түрлері үдеп барады. Біздің облыстың өзінде 4-5 мың адам коронарлық артерияның бітелуі бар-жоғын анықтауға кезекте тұр. Ал біз істейтін орталықта жылына 3 мыңға жуық науқасқа ота жасап жатырмыз", - дейді дәрігер.

Абдуталып Ашировтың үлкен ұлы Руслан да әке жолын қуған. Оның қызметі - коронарлық ауруларды ерте кезеңінде анықтау. Кардиолог ультрадыбыстық аппарат көмегімен патологияның алдын алу үшін жүрек жағдайын мұқият тексереді. Мамандықты таңдауға әкесінің әсері болғанын айтады.

"Бала кезден әкем сияқты дәрігер болуды армандадым. Үнемі науқастардың алғысын алып жүретін. Қазіргі кезде үлкен ұлым да Асфендияров атындағы университетте дәрігер оқуын оқып жатыр. Әкеміздің жолын қуып халыққа көмектескісі келеді", - дейді Руслан Аширов.

Тимур Аширов та 15 жылдан бері кардиохирург қызметінде. Аптасына 70-ке жуық ота жасайтын білікті маман үнемі тәжірибесін толықтырып отырады. Жуырда елімізде алғаш рет дефибриллятордың соңғы үлгісімен имплантация жасады. Құрылғы науқас қай жақта болса да смартфонмен жүрек соғысын қадағалауға мүмкінді береді.

Кардиологтар отбасына еліміздің әр аймағымен қатар, шет елдерден де ем іздегендер арнайы келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!