Оралдық дәрігер күніне 10 шақты ота жасайды

Оралдық дәрігер күніне 10 шақты ота жасайды
Фото: видеодан алынған кадр

Дәрігерлер отбасынан шыққан Ербол Есеев - бүгінде өңірге танымал, тәжірибелі хирург. Ол облыстық көпбейінді ауруханада еңбек етіп жүр. Хирург күніне 10 шақты операция жасайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Оның сөзінше, ауыр жарақат алған науқастар жиі түседі. Хирург еліміздегі үздік 100 дәрігердің қатарында.

Хирург Ербол Есеевтың әр жұмыс күні операция жасаумен өтеді. Одан кейін де әрбір науқастың денсаулығын өзі жіті бақылап отырады. Еңбек жолын бастағалы талай күрделі операция жасаған. Олардың әрқайсы дәрігердің әлі көз алдында. Мәселен, бірер жыл бұрын темір құрылғымен абайсызда қолын кесіп алған тұрғынға жедел көмек көрсетіп, қолын қайта қалпына келтіріп үлгерген екен.

"Ота жасалды, сәтті өтті. Қолын қайтадан қалпына келтірдік. Қолы жұмыс жасайды. Ол науқасты бақыладық ұзақ уақыт. Шұғыл түрде түсетін науқастарға 2 сағаттың ішінде операция жасаймыз. Кейінге қалдырылған науқастарымызды 3-5 күнге шейін тексеруден өткіземіз", - дейді ол.

Ербол Есеев дәрігерлер отбасында өскен. Әкесі - хирург, анасы - фармацевт. Ол ата-анасының күнделікті жұмысын көзбен көріп, қызығушылық танытыпты. Кейін дәл осы мамандықты таңдауды ұйғарған.

"Бұл салаға келгенімді мақтан тұтамын", - дейді ол.

Аурухана палатасындағы науқастар да оның кәсіби шеберлігіне қатысты оң пікірде.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова