Тоқаев Ұлттық құрылтайда қандай маңызды тапсырмалар берді?

Тоқаев Ұлттық құрылтайда қандай маңызды тапсырмалар берді?
Фото: ақорда

Бүгін Түркістанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтай өтіп жатыр. Құрылтай барысында Мемлекет басшысы бірқатар маңызды тапсырма берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Балалар кітапханасы" бағдарламасын қолға алуды тапсырамын"

"Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі - кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет. Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ, ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ, бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан "Балалар кітапханасы" атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек", - деді Мемлекет басшысы.

"Тамырына балта шабуға тиіспіз". Химиялық есірткі туралы

"Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев өте орынды пікір айтты. Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет. Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың бірқатар мүшелері, соның ішінде белгілі спортшы Ислам Байрамуков жақсы айтты. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді. Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл - нашақорлық. Бұл - ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр", - деді Мемлекет басшысы.

"Арзан бедел жинап жүрген алаяқтар аз емес". Оқу-ағарту жұмысын күшейту туралы

"Әрбір адам жауапсыз қадамның арты бүкіл елге қасірет әкелуі мүмкін екенін терең түсінуге тиіс. Барлық салада, барлық деңгейде жауапкершілік болса ғана, ісіміз оңға басады. Шын мәнінде, сын сағатта кімнің кім екені анық көрінеді. Елге жаны ашитын адам қиын жағдайға тап болған жұртқа нақты іспен көмектесуге дайын болады. Өкінішке қарай, қазір қоғамды ішінен ірітетін жағымсыз дүниелер көбейіп бара жатыр. Өздерін, тіпті, Алпамыс батыр сияқты ел қорғаны санайтын қылмыс әлемінің серкелері, яғни криминалдық топ басшылары бар. Көптеген адамдар, әсіресе, жастар соларға қатты еліктейтін болды. Ел ішінде арзан бедел жинап жүрген алаяқтар аз емес. Олардың бәрі – халықтың санасын улайтын секта өкілдері. Бір қарағанда олар елге жанашыр болып көрінеді. Ал, түптеп келгенде, психологиялық айла-тәсілдермен жұртты адастырады. Қоғамға жалған құндылықтар таратып, көпшілікті тура жолдан тайдырады. Мұның бәрін идеологиялық қоқыс немесе мүлдем қажеті жоқ ақпарат деуге болады. Біз өркениетті ел ретінде халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұруға тиіспіз. Ол үшін, ең алдымен, оқу-ағарту жұмысын күшейтуіміз керек", - деді Тоқаев.

"Марапаттап отыру қажет". Еріктілерді қолдау туралы

"Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн. Отанға деген сүйіспеншілік бұл – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес. Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елордамыздың өзінде азаматтарымыз қоршаған ортаға бейқам қарап, әсіресе, жаз кезінде саябақтарды қоқысқа толтырып кетіп жатады. Мұны жасап жатқан бөтен біреу емес, өз азаматтарымыз. Астанаға келген шетелдіктер, көптеген қонақтар соның бәрін көреді, таңғалады. Әрине, бұл – ұят нәрсе. Өйткені, өз Отанын шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды, әр гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-әрекетімен көрсетеді. Мен еріктілер туралы үнемі айтып жүрмін. Себебі, еріктілер – ең алдымен, патриот жандар. Олар еліміздің дамуына, оның келбетін жақсартуға зор үлес қосып жатыр. Біз бүкіл қоғам болып еріктілерді қолдауымыз керек, олардың еңбегін бағалап, марапаттап отыру қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова