Қызылордада адам өлтіріп, 20 жылға сотталған ер адам түрмеде некесін қиды

Қызылордада адам өлтіріп, 20 жылға сотталған ер адам түрмеде некесін қиды
Фото: polisia.kz

Қызылордада қарақшылық және адам өлтіру қылмысы бойынша 20 жылға сотталған азамат түрмеде некесін қиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемеде жазасын өтеп жатқан азамат сөйлесіп жүрген сүйіктісімен байланысын үзбей, отбасын құрды.

"Міне, заңды некеге тұрдым. Некелесіп отырған жарымды бостандықта жүрген кезден бері танимын. Сосын осы жаққа келіп, сөйлесіп, екеуміз некемізді қиып, үйленуді шештік, - деді жазасын өтеуші.

Мекеме бастығының айтуынша, қазір мұнда 800-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Олардың ішінде жұмыс істеп, отбасына қаржылай қолдау көрсетіп отырғандары да бар. Ал былтырдың өзінде 31 азамат некесін заңдастырған. 

"Сотталған азаматтарымыз отбасылы болғаннан кейін, өмірге бала келгеннен кейін өмірге деген көзқарасы өзгереді. Әрі қарай бостандыққа ертерек шықсам деп жақсы жаққа өзгеруге тырысады", - деді мекеме бастығы Мақсұт Өтетілеуов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан