Лагерьге жолдама, жәрдемақы: өрттен қаза тапқандардың отбасы қандай көмек алып жатыр?

Лагерьге жолдама, жәрдемақы: өрттен қаза тапқандардың отбасы қандай көмек алып жатыр?
Фото: Akorda.kz

Абай облысының әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Успен орман шаруашылығындағы ірі өртті сөндіру кезінде "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты" РММ-нің қаза тапқан 14 қызметкерінің, сондай-ақ өртті сөндіруге қатысқан тракторшы Сергей Архиповтың отбасы мүшелерінің тізімін жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оларға келесідей әлеуметтік қолдау түрлері беріліп жатыр:

  • Семейде жиһазбен жабдықталған екі немесе үш бөлмелі (отбасы мүшелерінің санына қарай) пәтерлер берілді;
  • қаза тапқандар мен олардың отбасы мүшелерінің несие қарыздары өтеледі. Өтелетін қарыздардың жалпы мөлшері 36,2 миллион теңге болады (15 маусымдағы жағдай бойынша);
  • "Қазақстан халқына" қорынан әр отбасыға 7 миллион теңгеден және кәмелеттік жасқа толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден материалдық көмек. Төлемдердің жалпы сомасы – 127 миллион теңге (15 маусымдағы жағдай бойынша);
  • асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне мемлекеттік бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы;
  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, ЖОО-да күндізгі оқу бөлімінде оқыса, оқуды аяқтағанға дейін, бірақ 23 жастан аспайтын балаларға ай сайынғы әлеуметтік төлем;
  • БЖЗҚ-дан жерлеу рәсімдері үшін біржолғы жәрдемақы;
  • жалпы білім беру қорынан мектеп жасындағы балаларға 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек, сондай-ақ керек-жарақтар (аяқкиім, форма) мен жазғы лагерьге жолдама;
  • жұмыс берушінің қаражаты есебінен ай сайынғы төлемдер (жалақы мөлшеріне байланысты);
  • ұжымдық шартқа сәйкес, жұмыс берушінің есебінен біржолғы көмек.

Сонымен қатар "Қазақстан Халық банкі" АҚ әр отбасына 3 миллион теңге көлемінде материалдық жәрдем береді, сондай-ақ басқа да коммерциялық ұйымдар көмектеседі.

Бұған қоса, әкімдік "Ақ Ертіс" ҚҚ-мен бірлесіп, қаза тапқандардың отбасы мен зардап шеккендерге одан әрі көмек көрсету мақсатында қайырымдылық пен демеушілер қаражатын жинақтау үшін арнайы шот ашты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан