"Мені ұстап берді". Істі болып, басы дауға қалған танымал адамдар

БАҚ пен әлеуметтік желі кеше танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталғанын жарыса жазды. Өнер иелері сахна немесе киноның басты кейіпкері ғана емес, кейде осындай оқиғалардың "қаһармандары" болып жатады. Massaget.kz тілшісі ісі сотқа жеткен, басы дауға қалған, бірнеше тәулікке қамауға алынған танымал адамдар кімдер екеніне шолу жасады.

"Даудың басы...". Төреғали Төреәліге қатысты істер

Әнші Төреғали Төреәлі туристік гид қызметін атқаратын Бекарыс Қожбанов есімді жігітті соққыға жыққан болатын. Бұл оқиға 28 қыркүйекте Алматы облысы, Кеген ауданында орналасқан "Көлсай көлдері" ұлттық паркі аумағында болған еді. Оқиға ел арасында ұзақ талқыланды. Ал полицейлер Төреғали Төреәліге қатысты осы істің жай-жапсарын айтып, бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабында "Бұзақылық" бойынша тіркелгенін мәлімдеген еді.

© polisia.kz

30 қыркүйекте әнші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов хабарлаған еді. Ал әнші Көлсайда болған жағдай бойынша өз нұсқасын айтты. Оның сөзінше, жаңа клиптің түсірілімі барысында жанжал шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Нәтижесінде жанжал соңы әнші тарапынан төбелеске ұласқан. Кейінірек іс тоқтатылды.

"Төреғали Төреәліге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі негізінде тіркелген қылмыстық іс бойынша тараптар татуласқанын хабарлаймыз. Нәтижесінде қылмыстық іске қатысты тергеу тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады", - делінген Полиция департаменті хабарламасында.

Күні кеше Ұлы дала баласының басы тағы дауға қалды. Ол есірткіге мас күйінде көлік жүргізді деген күдікке ілінді. Осылайша, 20 тәулікке қамауға алынды.

Сотталып кетті: Гаухар Әлімбековаға қатысты іс

Бір кездері белгілі әнші Гауһар Әлімбековаға да қатысты даулы оқиға болған еді. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Гауһар Әлімбекова сот залында. © Tengrinews.kz

Әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов бұл оқиғаның анық-қанығын түсіндірген еді. Оның сөзінше, бұл - 2013 жылы болған іс.

"Алматы қаласындағы Райымбек даңғылы бойындағы "Ақкент" тұрғын үй кешенінде түрік компаниясы үй салған. Оны істің фигуранты Феруза Ордабаева әкімдікте істеймін әрі мемлекеттік бағдарламамен 3 бөлмелі пәтерлерді 40 мың долларға алып беремін деп, 35 адамды алдаған. Солардың ішінде әнші Гауһар Әлімбекова да бар. Ордабаева Әлімбекованың талай концертіне барып, сүйіп тыңдайтын жанкүйері болған, соңы таныстыққа ұласқан. Сөйтіп, екеуі құрбы болған. Әлімбекова сол алаяқ құрбысының ұсынысынан кейін үш туысының атынан үш бөлмелі 3 пәтер алған", - деп әңгімеледі ол.

Пәтер алғаннан кейін бір жылдай уақыт тұрған. Адвокаттың сөзінше, ескі танысы, құрбысы Бақыт Назарова әншінің үйіне қонаққа келген. Осы кезде Назарова оның үйіне қызығып, өзі де сатып алғысы келген. Осылайша, ол да Ордабаевамен танысып, үйге 40 мың доллар ақша береді. Сөйтіп, бір айдың ішінде Назарова баспаналы болады. Әнші Әлімбекова мен арызданушы Назарова екеуі бір подъезде тұрған. Ал уақыт өте келе бұл үй негізі келісімшарт бойынша бөліп төлеуге сатып алынатын, құны әлдеқайда қымбат үй болып шығады.

"Сонда алаяқ әйел бұл екеуін бастапқы жарна ретінде 600 мың теңгесін төлеп, бір жылға үйге кіргізіп қойған да, қалған ақшасын қолды қылады. Үй алып, мәз болып жүргенде екі жылдан кейін бұларды баспана салушы компания қуып шығады. Сөйтсе, үйдің құны 37 миллион теңге болып шығады. Үйді алған кезде алданғандар мұның бөліп төлеу арқылы сатып алынатын баспана екенін келісімшартта оқымаған. Алаяқ төлеп берген екі жыл бойы оларға ешкім тиіспеген де, осы уақыт өткеннен кейін үй салушы компания бұлардан ай сайын 250 мың теңгедей сома төлеп тұру керек дейді. Алданғандар осы кезде ғана есін жиып, алаяқтың құрбаны болғанын түсінеді. Сөйтіп, Әлімбекова да, оның құрбысы Назарова да, олармен бірге осылайша үйлі болған тағы 35 адам далада қалады", - дейді адвокат.

Осыдан кейін, Зинеловтың айтуынша, зардап шеккендер алаяқты іздеп, сотқа арыз жаза бастайды. Бұл кезде әнші Гауһар Әлімбекова шығармашылық адамы болғандықтан шаруасы көбейіп, арыз жазбай қалған. 

Адвокаттың сөзінше, 2017 жылдың соңына дейін ақшасын әншіден күткен Бақыт Назарова шыдамы таусылып, Гауһар Әлімбекованың үстінен арыз түсірген. Мемлекеттік айыптаушы Әлімбекованы Ордабаевамен бірге алаяқтық жасады деп, яғни жәбірленуші Назарованы Ордабаевамен таныстырды және жолықтырды деп, Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни "Алаяқтық" бойынша айыпты деп тануды, сөйтіп, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда кейінірек алаяқтық ісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылған әнші Гауһар Әлімбекова ақталып шыққан болатын.

"Ұстап берді": Қайрат Түнтековке қатысты іс

2012 жылы 28 желтоқсанда Қайрат Түнтеков жол апатына ұшыраған болатын. Әнші тізгіндеген Toyota Camry 40 көлігі Toyota Land Cruiser 100 көлігімен соқтығысқан еді.

Қайрат Түнтеков. Фото ©Ярослав Радловский

Алматының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімі бойынша, ол 40 тәулікке қамалған. Ол сұхбаттарының бірінде осы жайт туралы айтып берген.

"Қазір соны күліп есіме аламын. 40 күн отырдым. Бірақ көтеріп, шулатып жіберді ғой. (...) Ол кезде бір шу көтергілері келді ме... Негізінен, жол апатын жасаған кезде жоғары жақтан қысым болды ғой. Себебі бәлеқорлық жаман болып кетті. Айта алмаймын енді... Сол кезде тапаншаны тақап тұрып "жаз да жаз" деп жаздырып жіберді (қолхат-еск.). "60 мың доллар бересің" деп. Сол кезде қолхат жазып бердім. Кейіннен бір министр осы істі қолға алғанын білдім. Апатқа ұшыраған қыз солардың таныстары ма... Жағдайы жақсы негізі. Ештеңе болған жоқ. Қаншама кешірім сұрап та бардым. Сол кезде полиция қызметкерлері келмей жатып қолхат жаздырып алды. Мені 18 адамды өлтіріп қойған сияқты іздеді ғой. Таңғалдым. "Хайп" болды ғой кәдімгідей. Негізі, өз тіршілігіммен жүрдім. Бірақ бір күні футболдан шыққанымда таныс бір кісі хабарласып, "Қайратжан, қалайсың? Мына жаққа келші" деді. Сол мені "ұстап" берді. Шыққан едім, қолыма кісен салып алып кетті. Ертесіне телеарналарды шақырып қойған, сотқа бардым", - дейді Түнтеков. 

Есірткіге масайғаны үшін ұсталатындар бұған дейін де болды...

Алматы Полиция департаменті Анықтау басқармасы көлік жүргізу куәлігінен айырылса да, мас күйінде көлік тізгіндеген музыкалық топ солисі Әліби Мұратқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеуді аяқтаған еді. Тергеу барысында былтыр қыркүйекте Әліби Мұрат мас күйінде көлік жүргізген кезінде ұсталғаны анықталған. Ол сол кезде сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Алайда биыл 6 тамызда Әліби Мұрат тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған. Медициналық тексеріс кезінде оның есірткіге мас екені анықталған.

Ал 28 қыркүйекте Бостандық соты үкімімен Әліби Мұрат ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Сондай-ақ, музыкалық топ солисі жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі бас бостандығынан айыру орындарында өтейтіні белгілі болған еді.

Кино түсіруден басталған: Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты іс

"Феникс" атты қазақстандық фильмге бөлінген қаражатты жымқыру ісі 2017 жылы болды. Сол уақытта түсірілім тобына 69 миллион теңге қаражатты жымқырды деген айып тағылған. Бұл істегі фигуранттардың бірі Қазақстанның Халық әртісі, актер, сценарист әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов болған еді. Ол 1 маусымда сот үкімімен 7 жылға шартты түрде сотталып, алдағы бес жылға жетекші қызметтерге тұру құқығынан айырылды.

Tengrinews.kz

Кейінірек рақымшылық заңына байланысты Жаманқұловтың жарты мерзімі қысқарып, танымал актер 3,5 жылға шартты түрде сотталған. Бұл үкімді Судья Тәкен Шәкіров шығарған еді. Актердің өзі кінәсін ішінара мойындаған еді. Алайда оның жоғалған қаражаттың 5,3 миллион теңгесін қайтарғаны хабарланған. 

Пара алу: Ерлан Біләлге қатысты іс

2018 жылғы ақпанда актер Ерлан Біләлдің ісі қызу талқылана бастады. Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының директоры қызметін атқарған ол пара алды деп айыпталған еді. Соталды тергеу органының мәліметі бойынша, Біләл "Сезам" қоғамдық қайырымдылық шығармашылық қорының президенті Қайрат Баяновтан Әуезов театрының қабырғасында жаңажылдық қойылымдар қою үшін 1,5 миллион теңге пара алмақ болған. 

Tengrinews.kz 

"Сот Ерлан Біләлді ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабы бойынша айыпты деп танып, 52 500 000 теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарады", - деген еді судья Қуаныш Әріпов. 

Сондай-ақ, ол мемлекеттік мекемелерде жетекші қызметтерге тұру құқығынан айырылған болатын. Қылмыс үстінде ұсталған актердің өзі кейін сотта кінәсін мойындап, мемлекеттік сыйлықтардан айырмауды өтінген.

Жарнамадан шалт басып, істі болғандар...

Өнер жұлдыздарының парақшасында жарияланған жарнамаға қатысты да даулы мәселе көп. Мәселен, 2021 жылы сәуірде алматылықтар танымал тележүргізуші мен вайнерлер жарнамалаған қаржы пирамидасына шағымданған. Соның бірі - Алматы тұрғыны Сәкен Нұрахметов. Ол Instagram желісінде түрлі блогерлер парақшасына тіркелгенін айтқан. Бірінің парақшасынан Mudarabah Capital компаниясының "тиімді ислам инвестициялары" туралы бейнеролигін көрген. Осылайша, ол Astex.kz компаниясымен келісімге қол қойған. Бұл - Mudarabah Capital өкілі. Қала тұрғыны бес миллион теңге салған.

"Өзім діни көзқарастағы адаммын, сондықтан жарнамалап жатқан адамдар адал және неге компанияға ақша салмасқа деп ойладым. ...Олардың айтуынша, табысым әр 32 күн сайын 350-450 мың теңге болады. Бірақ 32 күннен кейін пайда таппадым. Сондықтан салынған қаражатты қайтаруды талап еттім. Алайда менеджерлер әлі күнге дейін ақша басқа жобалар жүзеге асқаннан кейін берілетінін айтып келеді. Мен әлі табыс көрмедім. Бірақ сабақ алдым: инвестициялар, тауарлар, шұжықтар мен емдік шөптердің жарнамасы тек Instagram-да әдемі. Жарнама берушілердің өздері ғана одан ақша табады", - деген ер адам.

Кейінірек Желіде тағы бір бейнеролик пайда болды. Онда белгілі тележүргізуші, продюсер Баян Алагөзова ASTEX компаниясын жарнамалағаны көрінеді. Ол өз ақшасын инвестициялауда осы компанияның құрылтайшылары - Алмас пен Шыңғысқа сенім артатынын айтқан.

"Бұл - Қазақстандағы жалғыз компания, соның арқасында тендерлік жобаларға инвестиция салып, тәуекелсіз ақша табуға болады", - деді Алагөзова жарнама ролигінде.

Желі қолданушылары жарнама ролигіне түрлі пікір жазған.

"Кезекті лохотрон", "Жарнамаға қанша алғаны қызық", "Полиция не қарап отыр?", "Алаяқтар", - дейді пікір білдіргендер.

Кейін Алматы Полиция департаменті өкілдері осы жайтқа қатысты пікір білдірген. Құқық қорғау органдары мәліметі бойынша, бұл дерек "қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бабы бойынша тергелген. Полицейлердің мәлімдемесінен тергеу Баян Алагөзова жарнамалаған компанияға қатысты екені көрінеді.

"27 сәуірде бес адам екі компанияның басшылығына қатысты өтініш білдірді - Astex.kz және ACD Technology. Олар ақшалай инвестиция есебінен тендерлерден пайда табуға уәде берген. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді", - деген еді 2021 жылы ПД баспасөз қызметі өкілі.

"Көп адам сенді". Мейіржан Төребаевқа қатысты іс

2021 жылғы көктемде алматылықтар Төребаев, Шерниязов және Саидбаев жарнамалаған инвестициялық компанияға шағымданған болатын. Жарнама роликтердің бірінде "пайдалы ислами инвестициялар" туралы айтылады. Тіпті былтыр 11 сәуірде Mudarabah Capital қаржы пирамидасының салымшыларының бірі Нұр-Сұлтандағы ІІМ ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп жіберген болатын. 

Видеодан алынған кадр 

Ал блогердің өзі компанияның алаяқтыққа қатысы барын білмегенін айтып, видеоүндеу жариялаған еді. 

Желі қолданушылары блогердің видеосына түрлі пікір жазған.

"Сен жарнамаладың ғой, көп адам саған сенді", "Жарнамаламау керек еді", "Адамдар жапа шегіп жатыр", "Тергеу шешеді", - дейді пікір білдіргендер.

Сонымен қатар, кейінірек құқық қорғау органының өкілі блогерлер неге қамауға алынбағанын түсіндірген болатын. 

"Вайнерлер бойынша 169-дан аса жәбірленуші, екі миллиард теңгеге жуық шығын барын айтқым келеді. 14 адам, оның ішінде белгілі вайнерлер, блогерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Алты адам қамауға алынды, вайнер Мейіржан Төребаев кепіл бойынша жүр", - деген еді Шындалиев ОКҚ брифингінде.

Бірақ сәуірде Мейіржан Төребаев қамауға алынды. Одан бөлек вайнер Әзімжан Саидбаев та қамалды. Олар осы Mudarabah Capital қаржы пирамидасы туралы іс бойынша күдікті деп танылды.

26 желтоқсанда Төребаев босатылып, үйқамаққа алынды. Оның кәмелетке толмаған бес баланы тәрбиелеп отырғаны әрі отбасының жалғыз асыраушысы екені, денсаулығына байланысты күтімді қажет ететін қарт анасы бары осындай шешім шығуына әсер еткен.

"Мен де алданып қалдым". Ернар Айдарға қатысты іс

Әнші Ернар Айдар да өнердегі өзге әріптестері секілді жарнаманың кесірінен сынға қалған болатын. Оқиға 2020 жылы болған.

Sputnik.kz мәліметінше, лотереяға тігілген сыйлық екі седан көлігі, екі Jeep, Алматыдағы пәтер, сондай-ақ, түрлі тұрмыстық техника болған. Полиция бұл жалған ұтыс ойыны екенін анықтаған, өйткені ұйымдастырушыларда сыйлықтар болмаған. Жарнама арқылы 9 900 теңгеге 20 мыңнан аса лотерея билеті сатылған. Яғни, шамамен қазақстандықтар 198 миллион теңгеден аса сомаға (450 мың доллардан аса) алданған.

"Лотереяға қатысқан құрметті қазақстандықтар. Сіздерді түсінемін. Сіздер маған сеніп, лотерея билетін сатып алдыңыздар. Басымды иіп, кешірім сұраймын. Мен де алданып қалдым. Экономикалық тергеу департаменті тергеу жүргізіп жатыр, мен ешқайда қашып кеткен жоқпын. Тергеудің аяқталғанын күтемін, куәгер боламын. Билеттерді сатып алуға жұмсаған ақшаларыңыз менде емес, ұйымдастырушыларда. Мен тек жарнама жасадым, бұл үшін қатты өкінемін", - деп жазған еді Ернар Айдар Instagram-да.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!