"Қатқан нан, ашыған ас". Түркістан облысында шу шыққан лагерь тексерілді

Түркістан облысы Састөбе ауылындағы "Арман" балалар лагеріне жүргізілген тексеріс аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желіде тараған видеода айтылғандай, "балалардың қатқан нан жеп, ашыған тамақ ішкені және тәрбиешілерден қысым көргені" анықталмаған. 

Бірақ кей ата-ана нанның қатыңқырап қалғаны мен жатын жайдағы аяқкиім қойғыштардың дұрыс орналаспағанын айтады. Сондықтан бақылауды дұрыс жүргізбегені үшін Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы мен адами әлеуетті дамыту басқармасының тәрбие ісі жөніндегі бөлім басшысына қатаң сөгіс берілді. Қазір ата-аналардың өтінішімен осы демалыс орнындағы 600 баланың 410-ы үйіне қайтарылған. Қазір оларға басқа демалыс лагерьлерінен орын ұсынылып жатыр.

"Ас мәзіріндегі кемшіліктер болатын болса, осыны анықтау мақсатында біз ТО санитарлық эпидемиялогиялық қадағалау депаратментіне арнайы хат жолдаған болатынбыз. Осы мәселені тексеру жөнінде. Қазір сол мекемелер тарапынан тиіс жұмыстар атқарылып жатыр. Ата-аналар тарапынан жекелей шағымдар болған жоқ. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратушыларға біз арнайы шағым жасайтын боламыз. Оларға тиісті деңгейде шара қолдануды ұсынамыз", - деді адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаев. 

Айта кетейік, бұған дейін 8 маусымда әлеуметтік желіде жылап, үйлеріне қайтаруды сұраған балалардың видеосы тараған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!