Төреғали Төреәлі 20 тәулікке қамауға алынды

Әнші Төреғали Төреәлі 20 тәулікке қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Алматы соттарының баспасөз қызметі хабарлады.

"Сот қаулысымен А., Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды", - делінген хабарламада.

Төреғали Төреәлі сонымен бірге 7 жыл мерзімге көлік құралын айдау құқығынан айырылған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видео тараған еді. 

Алматының полиция департаментінің хабарлауынша, 14 маусымда Майлин көшесінің бойында, солтүстік бағытта, жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы 1992 жылы туған А. (Уикипедиядағы мәлімет бойынша, Төреғали Төреәлінің тегі - Әлиханов) есімді азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқан.

"Жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінді: ол агрессив болды, полицияның заңды талаптарына бағынбады, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, ұсталған орнынан қашып кетпек болды.

Құқықбұзушының жолы бұғатталды. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық тексеріске алып барды. Сараптама нәтижесінде А. есімді азаматтың есірткіге мас екені белгілі болды", - делінген полиция хабарламасында.

Кейін полиция Төреғали Төреәлінің ұсталған сәті анық көрінетін видеоны жариялады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!