Алматы хайуанаттар бағында ерекше көк қой дүниеге келді

Алматы хайуанаттар бағында ерекше көк қой дүниеге келді
Фото: Мәскеу зообағы

Алматы хайуанаттар бағында көк қой дүниеге келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалалық хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбеков мекеменің даму жоспарына тоқталды. Оның айтуынша, биыл зообақта 21 жануардан 33 төл дүниеге келген.

"Бұл көк қой, пони, кенгуру, жайра, лемурлар, ала бұғы, як, Чепман зебрасы, бегемот және басқа түрлердің өкілдері. Сондай-ақ биыл хайуанаттар бағына Гранттың үш зебрасы, шимпанзе, амур жолбарысы және қар барысы, аналық ақ аю әкелінді", - деді ол өңірлік коммуникация қызметінің брифингінде.

Ақылбековтың айтуынша, нысанда барыс пен сілеусінге арналған қоршау салынады.

"Сонымен қатар, хайуанаттар бағында экзотикалық жануарлардың 25 түріне арналған африкалық саванна кешенін, жалпы ауданы 1,5 гектар болатын, табиғи ортаға барынша ұқсас "Арктика" кешенін салу, оған ақ аюдың жұбын орналастыру жоспарланған", - деді ол.

Сондай-ақ, хайуанаттар бағы басшылығы 2024 жылы Тропикалық жұмақ немесе Маймылдар елі, Мадагаскар және Қазақ даласы кешендерін салу жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек