Балалардың несібесі: 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады

Ұлттық қордан бөлінетін ақшаны балалар екі мақсатта қолдана алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы депутат Үнзила Шапақ Мәжіліс отырысында айтты. Әзірленген жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады.

Бірінші. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі.

Екінші. Білім алу.

"Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді", - дейді депутат.

Тиісінше, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады.

Ұсынылған жобаның негізгі ерекшеліктері

Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6 пайыз мөлшерінде) айқындау жоспарланып отыр.

Депутаттың сөзінше, осы Заң жобасы шеңберінде Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен мемлекеттік органдармен бірлесіп, 6 кодекс пен 10 Заңға толықтырулар мен өзгертулер әзірленген. Ол түзетулер мынадай мәселелерді қамтиды:

  1. Жоба шеңберінде Ұлттық қор қаражатын балаларға есеп жүргізу мен төлемдерге пайдалану тетігін енгізу;
  2. Өндіріп алуға және осы соманы басқа да ықтимал шектеулерге жол бермеу;
  3. Мемлекеттік органдардың құзыреттері;
  4. Қаражатты мақсатты пайдалану;
  5. Баланың жасына байланысты қаражатқа қол жеткізуі және т.б.

18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады. Жобаның негізгі тәсілдері "Балалардың құқықтары туралы" Заңда және Бюджет кодексінде айқындалған.

Сондай-ақ, ұсынылған түзетулер шеңберінде:

  1. қаражаттың қолды болуына;
  2. қаражатты өндіріп алуға;
  3. қаражат бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға;
  4. клиенттің келісімінсіз ақша алуға;
  5. банктегі ақшаға билік етуді уақытша шектеуге жол берілмейді.

Жобаны іске асыру тетіктері:

Ұлттық қор қызметінің есепті жылдағы нәтижелері туралы жылдық есеп әзірленеді және Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітіледі. Қазақстан Ұлттық Банкі орташа инвестициялық табысты есептейді және оны БЖЗҚ-ға жеткізеді.

БЖЗҚ нысаналы талаптарға қатысушылардың саны мен тізімін қалыптастыру үшін жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасынан (ҚР азаматтығын қабылдаған және жоғалтқан, туған және қайтыс болған) балалар бойынша қажетті ақпаратты импорттайды. Қатысушылардың тізімін алып, Ұлттық Банктен ұсынған ақпарат негізінде бір қатысушыға есеп жүргізеді.

Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді. Салық салынатын базадан төлемдерді алып тастау бойынша қажетті нормаларды Салық кодексінде жеке көздеу жоспарланған.

Әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көпжылдық тәжірибені және мемлекеттік дерекқорлармен жедел ықпалдасу мүмкіндігін ескере отырып, жоба операторы ретінде "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ белгілеу жоспарланып отыр. 

Еске салайық, 2024 жылдан бастап "Ұлттық қор - балаларға" жобасы іске қосылады. Бұл Президенттің тапсырмасы. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!