Ауқатты өмір, жеке дүкендер: шенеуніктердің ел аузында жүрген балалары

Депутаттардың Үкімет басшысы мен министрлерге жолдаған сауалдарынан бөлек, балалары да ел аузында. Telegram-арналарда Мәжіліс депутаттары, өңір әкімдерінің отбасы, жеке өмірі, әсіресе балалары жиі сөз болады. Massaget.kz тілшісі ауқатты тіршілігін Желіде бөлісіп, даулы мәселесімен көзге түскен кейбір шенеуніктердің балаларына шолу жасады.

Маңғыстау облысының тумасы Еділ Жаңбыршин - Мәжіліс депутаты. Ол 2012-2015 жылдар аралығында Ақтау әкімі қызметін атқарған. Ашық дереккөзде депутаттың Әйгерім, Айтаңсық, Мәдина есімді үш қызы бар екені айтылады. Депутаттың қыздарының ішінде танымалы - 1998 жылы туған Айтаңсық Жаңбыршина. Кейінгі кезде қазақстандық БАҚ пен Telegram-арналарда оның есімі жарыса жазылып жүр. Оған себеп - Mullida деген атаумен сән үйін ашуы.

Айтаңсық Instagram-парақшасында өзін баспа дизайнері, әйелдер киімінің тігіншісі ретінде көрсеткен. Ол Желіде шығармашылық процестерін жиі бөлісіп отырады екен. 

Ал жеке дүкенінің каталогындағы бағаларға назар аударсақ, шамамен 30-40 мың теңгеден басталып, әрі қарай өсе береді. Ішінде 150 мыңға да, 105 мыңға да киімдер табылады.

 

Айтаңсық Лондонда, Парижде, Римде, Флоренцияда, Венада жүрген жерінен жиі суреттер жариялайды. 

Айтаңсық Жаңбыршина Флоренциядағы атақты сән саласындағы университетті бітірген. Istituto Marangoni - 1935 жылы құрылған, сән мамандарын дайындаған Еуропадағы алғашқы жеке университет. Құрылғаннан бері Istituto Marangoni 30 000-нан аса танымалдарды тәрбиелеген. Мұнда Доменико Дольче (Dolce & Gabbana), Франко Москино (Moschino), Алессандра Факкинетти (Tod's), Джули де Либран (Sonia Rykiel), Родольфо Паллалунга (Jil Sander) және басқа да танымалдар оқыған.

Ал Мәжіліске "Ауыл" партиясынан сайланған депутат, Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаевтың үш ұлы бар. Оның екі ұлы Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық та біраз уақыт ел аузында жүрген еді. Оған себеп олардың 550 миллион теңгеден аса субсидия қаржысын жымқыру туралы іс бойынша шартты мерзімге сотталуы болды. Бұл ақпаратты Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Күлекеев те растаған еді.

Тараз қаласы №2 соты субсидияларды ұрлау туралы іс бойынша үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы алаяқтық, яғни адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралған. Олардың қатарында "Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы" ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық бар.

Ал депутат Жигули Дайрабаев ұлдарының сотталуына қатысты Мәжілісте мәлімдеме жасап, оларды кінәлі деп есептемейтінін айтқан еді. 

Депутаттың ұлдарының басы дауға қалған бұл бірінші жағдай емес. Алдыңғы даудан кейін депутаттың ұлдары ер адамды құлдықта ұстады деген ақпарат тараған еді. Василий Ковешников деген ер адам депутаттың ұлдары өзін құлдықта ұстағанын мәлімдеген. Жигули Дайрабаевтың сөзінше, бұл депутатқа қарсы істелген кезекті "тапсырыс". 

Әлеуметтік желі мен БАҚ-та атақты Дайрабаевтың ұлдарына, жеке өміріне қатысты ашық ақпараттарды таба алмадық. Алайда ашық деректерде Марат Дайрабаевтың Molbal ЖШС-ға иелік ететіні айтылады. Сондай-ақ, олардың "Дидар" шаруа қожалығы бар екені туралы да деректер кездеседі.

Ал тағы бір ұлы Дәурен Дайрабаевты іздегенде, бірден Жамбыл облысының Әділет департаментінің сайтынан депутаттың ұлы өңірдің Әділет департаменті басшысының орынбасары екені шықты. Ақпаратты анықтамақ болып, баспасөз хатшысына хабарласқанымызда, ешқандай ақпаратты білмейтінін, басқа нөмірлерге қоңырау шалу керек екенін айтты. 

gov.kz/Даурен Жигулиевич

Мәжіліс депутаты, кәсіпкер Самат Мұсабаевтың екі қызы да елдің аузында. Сымбат пен Әйкерімнің әлеуметтік желі арқылы ауқатты өмірлерін көрсетіп отырады.

Олардың ортақ friends.festival атты дүкені бар.

Дүкендегі киімдердің бағасы әртүрлі, көзіміз түскеннің құны 60-70 мың теңгенің аралығында.

Депутаттың қыздары еліміздің көрікті жерлерін көруден де, әлем аралаудан да кенде емес. Ақтаудағы Rixos Water World Aktau қонақүйінен бастасақ, бұл тізім Мәскеу, Париж... деп жалғаса береді. 

Сондай-ақ, депутаттың қыздары анасымен де жиі ел аралап тұрады екен.

Ал Сымбат пен Әйкерім әдетте бірге саяхаттайтыны көрінеді.

"Осы шуақты ауа райы үшін Парижде тағы бір күн қалдық", - деген ол жазбаларының бірінде.

Әйкерім Мұсабаеваның Желідегі суреттерінен оның тұрмысқа шыққаны, ана атанғаны байқалады.

Ал Сымбат жақында ғана тұрмысқа шыққан. Дегенмен деректерде екі қыздың да бірінші некесі сәтсіз болғаны айтылады.

Айта кетейік, киім дүкені олардың бір ғана кәсібі емес. Әйкерім елордадағы Friends Cafe-нің иесі екенін көрсеткен. Сондай-ақ, шенеуніктің қыздары қазақстандық танымал дүкен Медина Сақтағанованың сән үйінен бастап, қымбат брендтерге дейін ұнататыны байқалады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!