Алматы облысында репрессия жылдары атылған адамдардың сүйегі табылды

Репрессия жылдары атылған адамдардың сүйегі табылды. Аумақта тек адам сүйегі емес, ату жазасына кесілгендердің жеке құралдары да анықталып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, Алматы облысы Жаңалық ауылында адам сүйектері бұған дейін де бірнеше мәрте табылған еді. Көбіне су тартып, құбыр жүргізгенде шығатын тарихи материалдар биыл алғаш рет мемлекеттік жоба аясында зерттеліп отыр. Археологтардың айтуынша, 14 күннің ішінде 15 шақты адамның денесі шыққан ауылда әлі де 4 мыңнан аса сүйек жатуы мүмкін.

Сүйектерден бөлек, алтын тіс, түймелер, киім мен аяқкиім бөліктері де табылды, тіпті жәдігердің көбі жақсы сақталған. Тек адам сүйектері бір кезде көшеде жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде бүлінгендіктен, көбіне шашырап кеткен.

Бұл жақтан 1934-54 жылдары шыққан "Сталин жолы" газетінің бөлігі табылды. Тарихшылардың айтуынша, қаріп танып, газет оқығанына қарап, бұл маңда білімдар адамдардың атылуы мүмкін. 

"Криминалистік, соттық-антропологиялық талдау секілді ғылыми жұмыстарды жүзеге асырады. Ал үшінші кезеңде осы табылған сүйек қалдықтарына ДНҚ анализін жасауға Алматыдағы генетика институты мен Вильнюс қаласындағы генетика институты атсалысады", - деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байғұнақов.

Табылған материалдардың ішінде әйел адамға тиесілі заттар да бар. Ал денелердің көбі 1,5 метрден-ақ жер бетіне шығып жатқан. Соған қарағанда, адамдарды арнайылап жерлемеген, тек атқан соң көме салған деген болжам бар.

Мұндай толыққанды зерттеуге сүйенген қазба жұмысы Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Бұған дейін репрессия құрбандары тақырыбындағы сараптамалық-археологиялық жұмыс тіпті ТМД елдерінде де ресми атқарылмаған. Ал Есік қорық-мұражайы мен тарихшы-ғалымдар бірлескен жобаны елдің Мәдениет министрлігі қолдады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!