Талдықорғанда білім саласындағы жемқорлық 4-5 жыл бұрын басталған - өңір әкімі

Талдықорғанда білім саласындағы жемқорлық 4-5 жыл бұрын басталған - өңір әкімі
Фото: Tengrinews.kz

Талдықорғанда білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары төрт-бес жыл бұрын басталған. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналистер әкімнен "Талдықорғанда білім саласындағы жемқорлық неге көбейіп кетті" деп сұрады.

"Бұл сауалдың жауабын бірге іздеп көрейік. Бұл тек біздің аймақта бар деп ойламаймын, ескі саяси жүйе, ескі мемлекеттік басқару кезеңінен көптеген өңірде қалыптасқан. Тек білім беру емес, денсаулық сақтау, мәдениет, құрылыс, теміржол, автожол салаларында бар мұндай былықтар шығып жатыр", - деді Бейбіт Исабаев.

Ол Талдықорған білім бөлімі бухгалтерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекеті ертерек басталғанын жеткізді.

"Былтырғы желтоқсанда жемқорлық қылмысының белгілерінен  ақпарат алдық. Кейін тосыннан жабық тексеру жүргіздік. Ақыры барлығы әшкере болды. Бүгінде олар өз кінәларын мойындап, тергеу жүріп жатыр. Жалпы, білім саласындағы қылмыстарды зерттегенімізде, олардың кемінде 4-5 жыл бұрын басталғанына көз жеткіздік. Жан басына шаққандағы қаржыландыру басталғаннан бері осындай қылмыстық топ ұйымдаса бастаған", - деді облыс әкімі.

Ол сондай-ақ өңірдегі білім саласында сыбайластық ісіне қатысы бары анықталған шенеуніктердің де қызметінен босатылатынын ескертті.

"Егер тергеу амалдары менің орынбасарымның ғана емес, Талдықорған әкімінің, оның орынбасарының, облыстық басқарма басшысының тікелей де, жанама да қатысы барын көрсетсе, заң аясында шешім қабылдаймыз. Дәл қазір оларды қызметінен алып тастауға негіз болатын айғақтар жоқ. Сондықтан 7-8 ай бұрын қызметіне кіріскен облыс әкімінің орынбасарын алып тастау туралы шешімді қабылдауға әлі ерте", - деді өңір басшысы.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан