Батырым батыр еді-ау...

Батырым батыр еді-ау...
Фото: Ирина Лелявская

Өмір жалғасуда, Жаратқан басыма сан сынақтарын берсе де өмір сүріп жатырмын. Кеудені кернеген өкініш, жүректі тербеген сағыныш арасында аурухана әлеміне жетелейді. Дәрігерлердің бақылауында емделіп жатқан жеріме шақыру билетін жіберіпті. Қолыма алып, ашып қалсам «Батыр Қазыбаевты еске алуға арналған Халықаралық «The Spirit of Tengri» заманауи этникалық музыка фестивалі. 10-11- маусым Республика сарайы. 17.00-23.00» деген жазу көзге оттай басылды.

Балам дүниеге әкелген шара болар күні дәрігерлер рұқсатымен ауруханадан шықтым, бірақ алаңға баруға шамам болмады. «Сағат 17.00-ден  бастап АBAI TV арнасында тікелей эфирде беріледі» - деген соң теледидар алдында отырдым.

Маған оңай болмады, балам, жанарым жасқа толды. Сен кеткелі бір жыл, қалай тірі жүрмін, білмеймін. Есіме сол сәтте 2013 жыл түсті.  Батырым іс сапардан келді. Келе сала зор қуанышпен «Мама, жаңа жоба бастадым, жақында нәтижесін көресіз. Алматы, Астана тұрғындары тамашалайтын болады» - деді. 

Сізге жәй сөзбен түсіндірейін. Музыка тілі - әлемге ортақ, сол арқылы түрлі елдердегі ұлттардың ата-бабасының тарихын, мәдениетін, өмір тынысын білесің, жаңа мәліметтер аласың, біріңді-бірің байытасың, жақындайсың, құшақтайсың, қуанасың, достасасың, соғыс атаулыға қарсы бірігейік дейсің, менің мақсатым сол, мама, - деді.

Баламның жаңа жобасы үшін қуандым, құттықтадым. «Оңай шаруа емес, балам. Жобаны жүзеге асыру барысында жүйкеңе, жүрегіңе ауырлық түседі-ау. Әкең, ағаң Нұртас та халық үшін қызмет жасаймын деп жүріп бойындағы бар қуатын ерте жұмсап, өмірден жас кетті. Сондықтан мен қорқам, өзіңді сақташы. Осы кезге дейінде талай жобаң өмірге келді. Солардың қызығын көрейік. Асықпа, шаршамай істе. Күні-түні үй көрмей кетпе» - деп алаңдаушылық білдірдім. (Балам 10 жылдан астам уақыт құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары кіретін медиахолдингті, Жұлдыз FM радиостанциясы, Ретро FM Қазақстан, СТВ телеарнасын басқарды, "Жетінші арнаның" негізін қалады.)

«Ой, мама, мен үшін отбасым бірінші орында, бәрі сіздер үшін, қорықпа, балаңның аты Батыр, батаңды бер!»- деп әзілдеді.

Солай ұлым жобаны 2013 жылы-ақ өмірге әкелді. Көптеген елдердің, ұлттардың өнер майталмандары Алматыға, Астанаға жиналды. Көрермендерді тамаша әнге, күйге, биге бөледі. Сондай жылдардың бір кешінде үзіліс сәтінде мені қонақтар ортасына әкеп, балам ағылшынша сөйлеп кетті. Мені бірінен соң бірі құшақтарына алып, шапалақпен құрмет көрсетіп, шығарып салды. Бақыттан бал-бұл жайнадым. Бірақ, сол бақыт ұзаққа созылмады, екі жылдан кейін баламнан айырылып, өзімді-өзім «тірі өліксің» деп қарғап, өлім тіледім. Сол сәтте телеарнадағы жүргізушінің үні есімді жиғызды.

«Халықаралық фестиваль Батыр Қазыбаевты еске алуға арналады. Есімі жүрегімізде мәңгі сақталады. Ол құрған «The Spirit of Tengri» фестиваліне – 10 жыл! Бүгін 6 елден өнер жұлдыздары келді. Ал он жылдың ішінде біздің елімізге 90 елден есімдері әлемге танымал өнер саңлақтары келді» деген  жүргізуші сөзі көңілімді аспандатты. Балам, рухыңа арналған фестивальде Алматы аспанында әр түрлі елдің жалауы желбіреп, түрлі аспаптардан төгілген күй ырғақтары, жүректен шыққан әндер көрермендердің жүрегін баурап, жас баладан қарияға дейін билеп, жүздері жайнап, қуаныштан жанарлары бал-бұл жанды. Бірін-бірі құшақтап, шабыттанып, жігерленді, көріп отырған мен де ілесіп кеткендей болдым.

Алматының өнер зерттеушілері, профессорлар, әншілер сөйлеп, «бұл жобаға тең келер шара жоқ, мәңгі жасасын!» - деп тілек айтып жатты. «Жасасын, Қазақстан!» деген ұлы сөз құлақтан құлаққа жетіп, ұран сөзіне айналды. Өзің өмірден кетсең де халқыңды думанға бөлеп кеттің, балам!

10-маусым күні 22.40-та алты елден келген 7 топтың әншілері мен күйшілері сен үшін жоқтау орындады. Қырғызстандық әнші Гүлзада бастағандар сезімге берілді. Бұл күнгі өнер көрсетушілердің бәрі өзіңмен бірге келе жатқандар екен. Сондықтан сені сағынғандығын көз жасымен де, күй сандықтарымен де көрсетті. Қалған 10 минутын көңілді әнмен аяқтады.

Мен де тірілдім, балам. Сені, Нұртасымды дүниеге әкелген ананы енді қарғамаймын, басымды еңкейтпеймін. Жан серігім әкең Кәкімжан Қазыбаевты, сендерді әр уақытта да пір тұтып өтем. Себебі халықтың сүйіспеншілігі мені соған жетеледі. Осы жобаны ары қарай жалғастырып, баламның рухын ардақтаған Алматы қаласының әкімдігіне, Kaspi.kz пен Magnum Cash&Carry тағы да басқа демеушілерге халық та, мен де ризамын. Сондай-ақ мерейтойлық жобаны жалғастырып жатқан өнер жанашырларын қолдаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа да өзі, елі аман болсын деп 90-нан асқан ананың ақ батасын арнаймын.

Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы
Орынша Қарабалина-Қазыбаева

О. Сансызбай