"Футболдан кейін болған". Түркістан облысында мектеп оқушылары жаппай төбелес шығарды

Түркістан облысында мектеп оқушылары футболдан кейін жаппай төбелес шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан. Кадрларда бір топ жасөспірімнің басқа топ балаға қарай жүгіріп келе жатқаны, сосын олар төбелескенін байқауға болады. Видеода төбелескен бір топтың ГАЗ-53 жүк көлігімен келгені айтылады. Сипаттамада төбелестің 11 маусымда Қазығұрт ауылында болғаны айтылған.

"Менің түсінуімше, төрт адам зардап шеккен. Олардың бірінің жағдайы ауыр. Полиция бізде мүлдем жұмыс істемейді", - делінген жазбада.

Бұған байланысты Tengrinews.kz редакциясы облыстық полиция департаментіне жүгінді. Ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері бірнеше минут ішінде жедел жауап берді. Видеодағы төбелес Қазығұрт өңіріндегі ескі ипподромда болғаны белгілі болды.

"Видеодағы оқушылар арасындағы бұл оқиға өткен жексенбіде футбол ойнағаннан кейін болған. Тексеру кезінде ауруханаға ешкім бармаған және полицияға мұндай ақпарат түспеген. Сондай-ақ, құқық қорғау қызметкерлері төбелес шығарған жасөспірімдерді видеоға түсіріп, сұрақтар қойды", - деді облыстық полиция департаменті өкілдері. 

Бұл іс Түркістан облысының полиция департаменті басшылығының бақылауында екені хабарланды.

"Қазір полиция қызметкерлері барлық мән-жайды тексеріп, анықтап жатыр. Осы ретте облыс полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құрметті тұрғындар, сіздерден тек сенімді ақпаратқа сенулеріңізді сұраймыз", - деді облыстық полиция департаменті өкілдері. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!