"Шетке шығып жылап алдым". Жігер Ауыпбаевтың көңілін түсірген не жағдай?

"Меломен" тобының экс-солисі, әнші Жігер Ауыпбаев жеке ән кешін өткізуде қатты қиналғанын жеткізді. Бұл туралы ол "Түнгі студия" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жеке ән кешін ұйымдастырған Жігер Ауыпбаев қызық оқиғаларын бөлісті.

"Жеке ән кешімді өткіземін дегеннен бастап ұйқы қашты. Бірінші күні концертті белгілеген күні Жүсіп Ақшора ағамызға хабарластым, енді ол кісі "Уәкең бос болса бірге барайық" деді. Содан Уәлібек Әбдіраймовқа хабарласып едім, бірден "келеміз" деп мені қолдады. Екінші Мақпал апама хабарластым, ол кісі бірден айтты. "Мен ол күні бос болмаймын, Қазақконцертпен бірге шет мемлекетке кетіп бара жатырмын" деді. Одан көңілім кішкене түсті, бірақ жеке ән кешімде мені қолдап Ақбота Нұр, "Меломен" тобы келді", - деді әнші.

© фотоколлаж

Әншінің айтуынша, Қытайда тұратын қазақ жігіт Өріс Төлеген атты өнерпазды сырттай бақылап өнеріне тамсанып, жеке ән кешіне шақыруға ниетті болыпты.

© instagram.com/jiger_auypbaev_official 

"Қытайдың қазағы Өріс деген жігіттің ән айтқанын әлеуметтік желіде көріп, қатты қызығып жүретінмін. Қойшы баламның қасына қосып қойсам деп ойладым. Бір күні отырып видеомен халыққа үндеу жасадық. Қытайдағы осындай әнші бар деп видеоны жариялап едік, 2 күн ішінде бәрі хабарласып тауып берді. Енді оларды Алматыға алдыру үшінде біраз қиналдық, менің концертім 11 наурыз, мен оларға анасына, өзіне, інісіне шетелге шығу паспортын алып бердім. Бірақ келеді деген ой болмады. Концертім кешкі 7-де еді, ал олар кешкі сағат 4-те келіп тұрғанда, мен қатты қуандым. Артынша Мақпал Жүнісова апайым хабарласып "Жігержан, айналайын мен ешқайда кетпейтін болдым, сенің концертіңе қатыссам" деген кезде мен қуанғанымнан шетке шығып жылап алдым", - дейді Жігер Аупбаев.

Өнерпаз сахнада да жылау, қуану, билеу сынды эмоциялар көп болғанын жеткізді.

© instagram.com/jiger_auypbaev_official 

"Бір сахнада менің бұрынғы тобым "Меломенмен" ән айтқанда ерекше сезім болды. Соңғы рет мен кеткенде 2016-да бір сахнада ән айттыппыз, содан бері 7 жылдан соң басымыз қосылып, сахнаға шыққанда, ән айтып тұрғанда жігіттермен қосылып ағыл-тегіл жыладық. Жеке ән кешімде көп эмоция болды", - дейді әнші.

Айта кетейік, Меломен тобы туралы айтылмаған шындық туралы осы жерден оқи аласыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!