Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев қайтыс болды

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев қайтыс болды. Бұл туралы Алматы қалалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі Нұрлан Жазылбеков мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгін тамаша адамдардың бірі, өз ісіне берілген адал полиция полковнигі Жандос Мұратәлиев қайтыс болды. Туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Осындай керемет адамды жоғалтқанымыз өте өкінішті. Соңғы жылдары Жандос Астанаға көшіп, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. Топырағы торқа, жаны жәннатта болсын", - деп жазды ол.

Полиция полковнигі ұзаққа созылған науқастан қайтыс болған.

"ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төраға орынбасары Жандос Дүйсебайұлы Мұратәлиевтің (02.01.1975-13.06.2023) ұзақ науқастан кейін қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен отбасына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Бұл орны толмас қазада қайғыларына шын жүректен ортақтастығымызды білдіргіміз келеді. Бұл - бәріміз үшін мезгілсіз келген қайғы, өкініш... Жандос Дүйсебайұлы біздер үшін тек әріптес қана емес. Ол адал, үлгілі әке, мейірімді жан, ақылшы дос болды. Үлкен жүректі, жаны жайсаң азамат еді. Алла оның жанына тыныштық беріп, жәннатта етсін! Ішкі істер органына сіңірген зор еңбегі жадымызда мәңгі сақталады..." - делінген Полиция комитеті хабарламасында.

Жандос Мұратәлиев 1975 жылы 2 қаңтарда Алматы облысында дүниеге келген. 1997 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

1997 жылғы қазаннан бері Ішкі істер департаменттерінде қызмет атқарған. Ал 2021 жылғы шілдеде ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!