Алматыда салынып жатқан дүкен сот шешімімен бұзылды

Алматыда салынып жатқан дүкен сот шешімімен бұзылды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласында салынып жатқан дүкен сот шешімімен бұзылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, дүкен ғимараты Шұғыла шағынауданы, Жүнісов көшесі, 47 үй мекенжайында заңсыз тұрғызылған.

Меншік иесі рұқсат құжаттары жоқ тұрғын үйді пайдалануға және қызмет көрсетуге арналған учаскеде өз бетінше заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізген. Басқарма меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 316-бабы 1 б., 321-бабы бойынша әкімшілік шаралар қабылдады және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді.

Меншік иесі ұйғарым талаптарының орындалуы туралы ақпаратты тиісті уақытта басқармаға ұсынбаған, нәтижесінде 15.09.2022 жылы Наурызбай аудандық сотына заңсыз нысанды бұзу туралы талап арыз берілген. Былтыр 7 желтоқсанда Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылды. Сот шешімін орындау үшін меншік иесі нысанды бөлшектеу арқылы бұзатын болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина