Жақында Екібастұздағы жылу қазандықтарын жөндеу басталады

Жақында Екібастұздағы жылу қазандықтарын жөндеу басталады

15-маусымнан бастап Екібастұз жылуэнерго орталығындағы қазандықтарды жөндеу басталады. Осы күнге дейін оларды бөлшектеу жұмыстары атқарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 Биыл станциядағы барлық 10 қазандыққа (бесеуі су жылытқыш, қалғандары энергетикалық қазандықтар) жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде сегізіне күрделі жөндеу жасалады. Бүгінгі таңда станциядағы түрлі учаскелердегі жөндеу жұмыстарына 265 адам жұмылдырылған. Ал, 1-маусымнан бері газ құбырлары мен түтін шығатын мұржаларды жөндеу жүріп жатыр.

"Жұмыстардың барлығы кестеге сай жүргізілуі тиіс. Екібастұз жылуэнерго орталығындағы жөндеудің әрбір кезеңін уақытында аяқтауды маңызды. Оны біз жіті бақылауда ұстайтын боламыз", дейді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Хасар Қабылбеков.

Естеріңізде болса, былтыр қараша айының соңында Екібастұз қаласының жылу желілерінда апат болып, төтенше жағдай жарияланды. Салдарынан, шаһардың бірнеше шағын ауданы жылусыз қалды. Қалған бөлігінде де жылу мардымды болмай тұрғындар қыстай тоңып шыққан.

 

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы