Өртті өшірсе, жарылыс болуы мүмкін

Өртті өшірсе, жарылыс болуы мүмкін
Фото: Автордан

Маңғыстауда мұнай-газ кен орнында алапат өрт. Төрт күннен бері қызыл жалынды ауыздықтау мүмкін болмай жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төтенше оқиға 9-маусым күні таңертең Ақтау қаласынан 277 шақырымда орналасқан "Қаратұрұн" кен орнында болды. Өрт "Бозашы Мұнай" ЖШС-не тиесілі бұрғылау ұңғымасынан шыққан. Мамандардың хабарлауынша, бұрғылау құралы көтеріліп кетіп, жер астынан газ-су қоспасы атқылап, содан өрт пайда болған. Жалынның биіктігі - 1200 метрге жетті.  

"Қызыл жалынды сөндірсе, жарылыс болуы мүмкін. Сондықтан әзірге жұмыстар тоқтатылды. Арнайы штаб құрылып, шешімдер қабылданып жатыр", - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының м.а. Арман Теңел.  

Апат орнында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет және кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің республикалық орталық штабының күштері мен құралдары бар.

Бүгін кен орнының өкілдері мен ұңғымаларды бұрғылауды жүзеге асыратын мердігерлік ұйымдардың мамандарымен, сондай-ақ құзырлы орган қызметкерлерімен бірлесіп техникалық кеңес өткізді. Нәтижесінде ұңғыма кратерін ауыр бұрғылау ерітіндісімен толтыру туралы шешім қабылдады.

Енді ерітіндіні дайындау және ерітіндіні құю үшін желіні құрастыру жұмыстары жүзеге асырылады.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы