"Жылан шаққан, тамақ қатып қалған". Түркістан облысында ата-аналар лагерьдегі жағдайға наразы

Түркістан облысындағы лагерьде дау шықты. Ата-аналар лагерьдегі жағдайға наразы. Олардың айтуынша, лагерь басшылығы туберкулезді емдейтін аурухананың мекемесін жалға алып, балаларды сол жаққа орналастырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл видео Гүлмира Әбіқайдың Instagram-парақшасында пайда болды. Видеода белгісіз әйелдің айтуынша, бір қыз 2-қабаттан құлаған. Жылап тұрған балалар видеоға түсіріп тұрған әйелге сүттің ашып кеткенін, нанның қатып қалғанын айтып наразылығын білдіріп жатыр. 

Журналистің айтуынша, лагерь Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Еңбекші ауылында. Бұрынғы туберкулез диспансері жеке қолға өтіп, биыл ғимарат лагерьге жалға берілген. Лагерь 10 күнге 30 мың теңге алып отыр. 

"Ішіміз ауырды. Кейбір тамақ қатып қалған, кейбірі ашып кеткен. Қайтайықшы. Жыландар, шаяндар бар, туалетке далаға шығамыз", - дейді видеодағы балалар. 

Балалардың айтуынша, бір қыз 2-қабаттан құлаған. Оған тәрбиешілер мән бермеген. 

Ата-аналар бұл жағдайға қатысты наразылық білдірді. 

"Қай жаққа бардыңдар десем, мекенжайын берді. Ол жер баяғыда туберкулез ауруханасы болған. Ол вирус өмір бойы кетпейді. Ол жерге қалай балаларды апарып отыр? Қалай біз ашуланбай беймарал отырамыз? Былтыр бір баламды жібердім, биыл соған сеніп төрт баламды жібердім. Былтыр жақсы жерге жіберген, ал биыл мал қораға тыққан", - дейді бір ана. 

Massaget.kz редакциясы бұл жағдайға қатысты Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдады.

"Балалардың жазғы лагерін ұйымдастыру білім саласы үшін маңызды. Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының тікелей тапсырмасымен Түлкібас ауданындағы жазғы сауықтыру лагеріне Түркістан облысы білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің бас маманы Оспанова Клара, Шардара ауданы білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Анафия Арыстанбекқызы зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір жауапты мамандар жазғы сауықтыру лагерінде. Арнайы тексеру жұмыстары жүргізіліп, қосымша толық хабарланады", - делінген жауапта. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!