"30 жылғы Тәуелсіздік кезеңінде шын жылаған тұңғыш министр". Желіде Сүлейменованың көз жасы қызу талқыға түсті

"30 жылғы Тәуелсіздік кезеңінде шын жылаған тұңғыш министр". Желіде Сүлейменованың көз жасы қызу талқыға түсті

Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқандардың жақындарымен кездесуде көзіне жас алған экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованы Қазнет қолдап та, сынап та жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Экология министрін алғаш болып қолдағандардың бірі - құқық қорғаушы, заңгер Айгүл Орынбек.

"Жаным-ау, халықтың алдында көзін көтеріп қарай алмай, жылап тұр. Отыз жыл басқарған жемқорлардың жүгін жалғыз өзің көтеріп тұрғандайсың. Сағың сынбасын, Сен жалғыз емессің! Бұл сыбайласқан жүйені тазалау мүмкін емес екенін білем. Бірақ берілме, қайтпа, көтер басыңды! Артыңда қолдаушы қалың ел бар және әпкең мен бармын. Сен жылама, мойныңа осындай ауыр шоқпарды іліп қойған жемқорларды жылат! Бүкіл жүйедегі былықтарды ашық айт, көрсет! Нәзіктік танытпа, біздің ақшаға құныққан жемқорлар сенің әйел заты, нәзік жанды екеніңе қарамайды! Өзіңнің әлсіздігіңді көрсетпе! Кеше келген бұл қызда нелерің бар? Шамаларың тек осы қызға жетіп тұр ма?", - деп жазды Айгүл Орынбек.  

Танымал қазақ өнертанушысы, әнші Ерлан Төлеутай да Зүлфия Сүлейменованы қолдады. 

Бұл көз жас – шарасыздықтың көз жасы.
Бұл көз жас – биліктің жемқор екенін айта алмай қыстығып, іштен тынған жас шендінің көз жасы.
Бұл көз жас – еліміздің кадр саясатының тығырыққа тірелгенінің көз жасы.
Бұл көз жас – асқынған бюрократияны, шенеуніктердің қамсыздығын, қайратсыздығын үнсіз айыптаған көз жас.
Бұл көз жас – парақор, тоқ ұлықтардың арасында өзін артық сезіну көз жасы.
Бұл көз жас – өрт түгіл, өмірді білмейтін, ел ішінде өспеген, жұрттың мұң-мұқтажын білмейтін, қарапайым халықтан тым алыс, жас шенеуніктің бірден министр болғанына өкінген көз жасы.
Бұл көз жас – өзін министрлікке өмір көрсетпей, қызмет баспалдақтарымен сатылап, сонау төменнен өсірмей, кәсіби тұрғыдан жетілдірмей, бірден министр қоя салған "жебеушілеріне" лағнет айтқан көз жасы.
Бұл көз жас – біліксіз кадрдың көз жасы.
Бұл көз жас – сөз жүзінде бар "Жаңа Қазақстанның" іс жүзінде жоқ екенін білдірген көз жас...
Бұл көз жаста бәрі бар: жемқорлықтың жойылмайтыны, ел мен жерге жаны ашымайтын жемқор шенеуніктердің бұдан әрі де ел басқара беретіндігі;
Ақ Орданың өтірік статистикамен өмір сүретіндігі;
Көзбояушылықпен айналысу – биліктің ең сүйікті ісі екендігі;
Шенеуніктік корпустың ештеңеден сабақ алмайтындығы;
Шенеуніктердің мемлекет мүддесі үшін емес, қарақан қара басының қамы үшін, момын елді талау, мемлекет дәулетін аяусыз талан-таражға салу үшін биліке баратындығы;
Отанға жасаған опасыздығы, халыққа жасаған қиянаты үшін еш жазаланбайтыны, әрі кетсе сөгіспен құтыла алатынына сенімділігі;
Тарих пен ұрпақ алдында еш жауап бермейтіндігіне кәміл сенетіні т.б.
Зүлфия – отыз жылғы Тәуелсіздік кезеңінде шын жылаған тұңғыш министр. Отыз жылда халықты аяусыз қанап келген әлі де қанай беретін мына безбүйрек үкіметтен қыстығып жылайтын бір министр шықты-ау ақыры.
Зүлфия, сенің көз жасың мына дүлей өртті сөндіре алмас, бірақ жылай түс. Президенттің қабылдауына барып, Үкіметте болып жатқан масқараларды айтып жыла, қауқарсыз премьер министрді отставкаға жіберіңіз деп жыла,
"Ескі Қазақстанның" күллі кадрын халықшыл, мемлекетшіл азаматтармен алмастырыңыз деп, жыла,
Билікті жайлаған жемқорлыққа тез арада төтенше шара қолданыңыз әйтпесе Тәуелсіздіктен айырыламыз деп жыла,
Үкімет отырысында да жыла,
Мемлекетке жемқорлық салдарынан қауіп төнді, сендер неғып отырсыңдар деп жыла,
19 миллион халықты тақыр кедей қылған кілең бетсіз, өңшең ұятсыздар деп жыла,
Шалбар киген сорлылар, еркек емессіңдер деп жыла.
Өздеріңде ар бар ма, ождан бар ма, мынандай жағдайды көріп отырып, министр, әкім болмақ түгіл, қалай жер басып жүрсіңдер деп жыла,
Намыстарың бар ма өзі деп жыла,
Бір сілкініп, мемлекет үшін, халық үшін жаннан кешіп, адал іс қылатын кездерің келді ғой деп жыла,
Отанымды осыншама жегендерің үшін ұрпақтарың жауап береді, өлген соң көрлеріңде тыныш жатпайсыңдар деп жыла,
Алдарыңда ар соты, ұрпақ соты, тарих соты тұр деп жыла.
Бәрін айтып жыла, елдің зарын айтып жыла.
"Еститін үкімет" халықтың жан айқайын естімейді ғой, бәлкім, өз ішінен шыққан жалғыз шенеуніктің көз жасын көрер, зарын естір...

Сонымен қатар, қазақ ақыны, журналист Төреғали Тәшенов Сүлейменова туралы бір ауызсөз айтқан. 

Ал Альбина Батқызы Атен экология министрін сынаған. 

"Экология министрі халық алдына әлі бір рет те шыққан жоқ. Елде трагедия. Одноразовый стакан, анау-мынау демей, тікелей қатысы бар жұмысты дұрыс атқарса игі еді. Министр ханым 2023 жылы 29 мамыр күні "Семей орманына" жұмыс сапарымен арнайы барып, өрттің алдын алу шараларын, дайындығын тексеріп кеткен екен. Енді сұрақ: осы сапарда Зульфия ханым айға қараған ба? Шошқа тағалаған ба? Ол тексеріп кеткеннен кейін, 2 аптаға жетпей "Семей орманын" әлемдегі ең ірі өрт жаулап алды. "Шуба кимеймін, жануарлар әлемін сақтап қалғым келеді" депті бір интервьюінде. Орманда қызметін атқарып жүріп мерт болған адамдарды аямаса да, жануарлар туралы неге есіне алмады екен?! Әйтеуір ағаш егетін акция кезінде осы ханым ең бірінші болып БАҚ-қа интервью беріп тұрады, шетелдік тәжірибемен бөлісіп. Халық қара жамылғанда жоқ", - дейді ол. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина