"Ол жетпіс жылдық мерейтойын да тойламады". Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімі өтті

Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстанның мемлекет және саяси қайраткері Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиынға марқұмның туған-туыстары, депутаттар, әкім-министірлер және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жедел хатын оқып берді.

"Көрнекті мемлекет қайраткері Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың қазасына байланысты қайғыра көңіл айтамын. Бердібек Мәшбекұлы ұзақ жылғы еңселі ғұмырында лауазымды қызметтерді атқарды. Еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өмірінің өркендеуіне, өңірлердің дамуына мол үлес қосты. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын зор біліктілікпен жүргізе білді. Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажыр-қайратын жұмсады. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Мәшбекұлының есімімен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жанатта болсын", - деп жазылған мемлекет басшысының жедел хатында.

Премьер-министр Бердібек Сапарбаевтың отбасына қайғыра көңіл айта отырып:

"Бердібек Мәшбекұлы өзінің еңбегімен еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып өтті. Қай қызметте жүрсе де бар күш-жігерін аямай ел игілігіне жұмсады", -деді ол.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Бердібек Сапарбаевтың өміріне тоқтала келіп, марқұмның отбасына көңіл айтты.

"Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың дүниеден озуы қабырғамызды қайыстырды. Ағамыздың отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Бердібек Мәшбекұлы 45 жылдан аса ғұмырын мемлекеттік қызметке арнады. Мемлекетшілідіктің жарқын үлгісін көрсеткен тұлға. Бердібек Мәшбекұлына қарап ой да бой да түзедік. Өзім 25 жылдан аса аралас-құралас болдым, тәлімі мен тәжірибесін алдым", - деді Алматы қаласының әкімі.

Қаралы жиынға келген қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев:

"Туған халқымен етене араласқан, тәуелсіздіктің тасын өрге сүйреген қайраткер, бақ құмарлықпен тақ құмарлықты емес, ел қамын ойлағап, өнегелі өмір сүрген Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев дүниеден өтті. Біз бүгін тек қана марқұмның отбасына, ізбасарлары мен әріптестеріне ғана емес бүкіл қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз. Тәуелсіз еліміздің бес аймағын басқарып, үкіметтің халыққа ең жақын әлеуметтік саласына жетекші болған Бекең қазақтың нағыз марқасқа жігіті еді. Туған халқының рухани жаңғыруына да риясыз еңбек етті. Қай қызметте жүрседе салалы істің ұйытқысы бола білді".

Туған туыстары атынан мемлекет қайраткері Икрам Адырбеков сөйледі.

"Бүгін біздің ағайындар үшін ғана емес бүгін қазақ мемлекеті үшін өте ауыр қаза болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі, экономикалық дамуы үшін көптеген тұлғалы азамат қызмет етті. Соның ішінде Бердібек Мәшбекұлының орны ерекше еді. Ол жетпіс жылдық мерейтойын да тойламады. Бар күшін халыққа арнады. Алдында жоспары көп еді. Біз көп әңгімелестік. Сонда айтып еді: "Күзде егін жиналып, халықтың көңілі көтерілгенде елге барып, бұрын араласа алмай кеткен туыстардың, достардың, құрдастардың басын қосып той жасайын, елге сәлем берейін" деген болатын. Сондай бір арманы бар еді. "Алған білімім бар, көрген-түйгенім бар, соларды жастарға үйретейін,&нбсп; университтерге барып лекция оқиын" дейтін. Өзін өте қайратты, жас сезінді. Мұндай жағдай болады деп ешкім ойламады. Жатқан жері жайлы болсын", - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанның көрнекті мемлекет және саяси қайраткері Бердібек Сапарбаев 71 жасында 10 маусымда дүниеден өтті.

  • Бердібек Сапарбаев 1953 жылы дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген
  • 2014-2015 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. Әр жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының әкімі болды
  • 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды
  • 2019-2020 жылдары Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған
  • 2020 жылдың ақпанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі, одан кейін "ҚазБiоПhарм" Ұлттық холдингі" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.

Сапарбаев халықтың есінде ең қиын жағдайларда жұмыс істей білетін тиімді мемлекеттік басқарушы ретінде қалды.

Сонау 1997 жылы Қызылорда облысының әкімі болып тұрған кезінде Арал қаласының тұрғындары Мәскеу-Бішкек пойызының қозғалысын тоқтатып, темір жолды жауып тастаған жағдайға тап болған. Тұрғындармен диалогқа түскен ол қайшылықты реттей алды.

2016 жылы Ақтөбедегі әскери бөлімде болған жантүршігерлік лаңкестік әрекет кезінде облыс әкімі де болды. Қиын кезеңде көшбасшылық қабілетімен көзге түсті.

2019 жылдың тамызында ол көп балалы отбасылардың наразылығынан туындаған әлеуметтік дағдарысқа байланысты бұрынғы үкімет отставкаға кеткеннен кейін премьер-министрдің әлеуметтік блокқа жауапты орынбасары қызметіне келді.

2020 жылдың қаңтарында ол Қазақстанда коронавирустың пайда болуы мен таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірінші басшысы болды. Қордай өңіріндегі погромдардың зардаптарын жою жөніндегі үкіметтік комиссияны басқарғаннан кейін ол сол жылдың ақпан айында Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.

Марқұмды Алматыдағы Кеңсай зиратына жерлейді.