Елордада жолаушыны соққыға жығып, қалтасындағы бар ақшасын алып кеткен такси жүргізушісі ұсталды

Елордада жолаушыны соққыға жығып, қалтасындағы бар ақшасын алып кеткен такси жүргізушісі ұсталды
Фото: elements.envato.com

Елордада мас жолаушыны ұрып-соғып, тонап кеткен қырғызстандық такси жүргізушісі анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

33 жастағы ер адам Алматы ауданының полиция бөліміне жүгініп, өзін такси жүргізушісі тонап кеткенін айтқан. Тергеу барысында жолаушы қалада жүру үшін жеке тасымалдаушы жалдағаны анықталды. Жолда келе жатып, такси салонында ол жүргізушімен жанжалдасып, қорлай бастаған. Шарбақты көшесінің бойындағы жол жиегіне тоқтаған такси жүргізушісі жолаушыны көліктен сүйреп шығарып, оны ұрып-соғып, 100 мың теңгеден аса ақшасын тартып алған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері такси жүргізушісінің орналасқан жерін анықтады. Ол Қырғызстанның 37 жастағы азаматы болып шықты. Құжаттарды тексеру кезінде шетелдіктің көлік жүргізуге құқығы жоқ екені анықталды.

Бұл дерек бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Қырғызстан азаматы Полиция департаментінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова