"Кейбір контент балаңыздың психологиясына кері әсер етуі мүмкін". Балаңыз YouTube-тан не көреді?

"Кейбір контент балаңыздың психологиясына кері әсер етуі мүмкін". Балаңыз YouTube-тан не көреді?

Қазір еңбектеген баланың өзі телефонға есі ауып тұрады. Ата-аналар да "құлағымыз тыныш болсын" деген ниетпен бөбектердің қалағанын орындап, YouТube әлеуметтік желісінен кез келген видеоны қосып береді. Ес білген балалар өздері-ақ керегін тауып көруге құмар. Алайда кейбір контент балаңыздың психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Massaget.kz тілшісі балаларға арналған жеті арнаны ұсынады. 

Қазір ата-ана күнделікті күйбең тіршіліктен баласына көңіл бөліп, оған бір нәрсені үйретуге уақыты бола бермейді. Сондықтан ақыл-ойы енді қалыптасып келе жатқан кішкентай адам көрген, естіген нәрсесі арқылы білім көкжиегі кеңейтеді.

BilimKids мектепке дейінгі білім беру арнасы балаларыңыздың қоршаған ортаны тез тануына ықпал етеді. Мәселен, арнадағы "Жеті ата", "Ұлттық ойындар" деп аталатын бейнежазбалар бүлдіршіндердің салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды жадына түйіп өсуіне ықпал етеді. Балаларға арналған көңілді әндер топтамасында түрлі түсті сүйкімді кейіпкерлер өлеңмен баяндайтын қызықты оқиғалары балаңыздың тілінің тез шығуына жәрдемдесіп, қазақ тілін сауатты меңгеруіне негіз болады.

Бала өскен сайын жаңаға құмартып тұратыны жасырын емес. Егер сіз балаңызға YouTube-тағы қай контентті қосып беруді білмесеңіз, ZEREKBALA TV арнасын көріңіз. Бұл контенттің ерекшелігі сол, әрбір шығарылымды балалардың жас мөлшеріне шақтап көрсетіп отырады. Мысалы, 2-3 жастағы балаға, 3-4 жастағы бүлдіршіндерге деген секілді әрбір бағдарлама белгілі бір аудиторияға бағытталған. Бұл баланың ақыл-ойының жүйелі жетілуі үшін өте пайдалы.

Бүгінгі таңда аулада асыр салған балалардың қазақ тілінде сөйлемейтінін, өзге тілде шүлдірлеп жүретінін көріп жүрміз. Сол себепті  YouТube-тағы балаларға арналған контенттің басым бөлігі қазақ тілін үйретуге бағытталған. Солардың бірі - "Торғай ТВ" арнасы. Бұл - балалар мен олардың ата-аналарына арналған қазақ тілін үйретуге арналған онлайн жоба. "Торғай ТВ" көрермендеріне неше түрлі әндер мен өлендер, оқу видео материалдарын ұсынады, олардың ішінде әліппе, сандар, пішіндер, түстер видео өлендер бар.

Бұл платформада қазақ тілінде балалар контентін қалыптастырған арналар жетерлік. Солардың бірі Balafunny деп аталатын балаларға арналған көңілді және танымдық видеолар арнасы. Бұл арна негізінен тілі енді шығып келе жатқан балаларға таптырмас көмекші құрал. Қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс оқылуы, жаңылтпаштар айтып үйренуге арналған бейнесабақтар бар. Сонымен қатар бүгінгі таңдағы түрлі мәселелерді балалардың тілінде үйлесімді жеткізеді.

Алайда бүгінгі балалардың барлығы бірдей қазақ тіліндегі контентке бет бұра бермейді. Сол себепті әлемдік деңгейдегі балалар контентіне арналған YouТube арналарды сараптап көрейік.

Әр бала чики-чики бум-бум деп қосыла әндететін D Billions балалар YouТube арнасы.  Көршілес Қырғыз елінде түсірілетін бұл контент әлемнің 12 мемлекетінде сол елдің тілінде көрсетіледі. Арна негізінен көңілді әуендердің негізінде балалардың жүйелі ойлау қабілетін қалыптастыруға септігін тигізеді. 

106 милионнан астам жазылушысы бар Like Nastya арнасында кішкентай қыздың қызыққа толы бір күні көрсетіледі. Әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған балалар мен отбасылар Настяға қосылып әлемді зерттеп әндер, сандар, табиғат, түстер, пішіндер, жануарлар туралы ақпарат қабылдайды. Сондай-ақ пайдалы тағамдарды жеу, қол жуу, жақсы дос болу және тағы да басқа іс-әрекеттерді көрсетеді. Десекте контент ағылшын және орыс тілдерінде жүргізілгендіктен балалардың ана тілінде ақпарат қабылдауы төмендейді. 

LTT Game Nerf Guns YouТube арнасы 2017 жылы қызметін бастаған. 2021 жылы әлемдік трендке шығып, қазақ аудиториясына көрсетіле бастады. Nerf Guns ойынының негізінде түсірілген бұл видеоконтент балалардың психологиясына тікелей әсер етеді. Себебі сценарийі атыс-шабыс, тонау, өлтіру секілді түрлі іс-әрекеттерге негізделген. Қарулары қарапайым ойыншық болғанымен, балалардың санасы қару ұстау мен кісі өлтіруді қарапайым әрекет ретінде қабылдап қалуы әбден мүмкін. Сондықтан ата-аналар ұл-қыздарына бұл контентті көруге тыйым салғаны абзал. 

2 миллиард 550 миллион адам тіркелген бұл платформа - біздің елде алдыңғы қатарлы қосымшалардың бірі. Қазақстандықтар күніне орта есеппен 1,5 сағат YouTube-та отырып, кем дегенде 12 бейнежазбаны тамашалайды. Көрілгендердің 60 пайызы - қазақ тіліндегі контент. Сондықтан да дәл осы платформада балаларға арналған қазақ тіліндегі контентті көбейткеніміз абзал. Сол арқылы болашақ ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіре білуіміз керек.       

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов