"АрселорМиттал Теміртау" ауаны ластағаны үшін 1 миллиард теңгеден аса айыппұл төлеуге міндеттелді

"АрселорМиттал Теміртау" ауаны ластағаны үшін 1 миллиард теңгеден аса ақы төлейді. "АрселорМиттал Теміртау" санитарлық қорғау аймағында азот диоксидінің 2,5 есе артқаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кейінгі бірнеше күнде Теміртау тұрғындары АМТ металлургиялық комбинаты тарапынан келетін газдың иісіне және түнде шығындылар кесірінен тұншығатынын айтып, жаппай шағымданып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, АМТ иелері қалада тұрмайды, тиісінше бұл ауамен тыныстамайды. Экологтар атмосфералық ауаның құрамын Каршоссе ауданында таңғы сағат 8:20-да тексерді. Нәтижесінде азот диоксидінің шекті рұқсат етілген концентрациясы 2,5 есе асып кеткенін анықтады.

"Азот диоксиді шырышты қабаттарды тітіркендіруі мүмкін, одан өкпе ісінуіне дейін барады. Яғни, ақыр аяғы өлімге апарады. Бірақ бұл жағдайда азот диоксиді ұзақ және жоғары концентрацияда болуы керек. Арселорда табиғатты қорғауға жауаптылар жағдайды жақсартуға мүдделі емес. Қаланы да ойламайды", - дейді Қарағанды облысы экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Дамир Рамаев.

Теміртауда бірнеше кәсіпорын бар. Мемлекеттік инспектордің айтуынша, бұл нақты АМТ шығындылары екенін дәлелдеу үшін, АМТ-ның өзінде өлшеу жүргізу керек. Бірақ Теміртаудың ластануының 80 пайызы өнеркәсіптік алпауыт Арселор Митталдан шыққанын жоққа шығармайды. 2019 жылы Экология министрлігі эмиссиялардың нақты көлемін 30 пайызға, яғни 65 мың тоннаға төмендету және Теміртаудың айналасына жарты миллион ағаш отырғызу жөнінде АМТ-мен меморандум жасасты.

Кеше АМТ-да домендік цехта кокс шығып өртенді. Өртті ТЖМ қызметкерлері сөндірді.

Бүгін экология департаменті былтырғы тексеру нәтижелері бойынша АМТ ауаны ластағаны үшін 1 миллиард 200 миллион теңгеден аса айыппұл төлеуге тиіс екенін хабарлады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!