Күнделікті медициналық тексеріс. Жүргізушілерге байланысты талап қазақстандықтарды таңғалдырды

Күнделікті медициналық тексеріс. Жүргізушілерге байланысты талап қазақстандықтарды таңғалдырды
Фото: ©Тұрар Қазанғапов

Заңды тұлғаға тіркелген автомобильдерді басқаратын жүргізушілер үшін қойылған күтпеген талап қазақстандықтарды таңғалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биыл мамырдың басында Алматы полицейлері екі әріптік нөмірлік белгісі бар көлікті тоқтатты. Көлік жеке компанияға тіркелген, ал рөлде сол компанияның қызметкері болған. Мұндай автомобильдер үшін паспорттан бөлек, жол парағы болуы міндетті. Бұл құжатта жүріп өткен километраж және жұмсалған жанармай жазылады. Тексеріс кезінде құқық қорғау органдары бұл қағазда медициналық қызметкердің мөрі жоғын анықтады.

"Полиция қызметкері қызметтік автокөлікті басқарар алдында медициналық тексерістен өту керек екенін мәлімдеді. Ал кейін ол жол парағында тиісті мөрмен расталуы керек екен. Бірнеше жыл бойы осындай көлікпен жүрдім және мұндай талап туралы бірінші рет естіп тұрмын. Сонда кез келген фирманың өз штатында медбике, процедурадан өту үшін кабинет және т.б. болуы керек пе? Кейін әр таң сайын осындай мөр басыла ма?

Бұл заңды тұлғалар үшін қисынсыз және өте қымбат, осылайша, біздің компанияның заңгерлеріне жүгіндім. "Жол қозғалысы туралы" заңда олар мынадай тармақ тапты: көлік құралдарын пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға мен жеке кәсіпкер жүргізушілерге рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексерісті қамтамасыз етуге міндетті. Яғни, мұндай норма жолаушылар мен жүктерді тасымалдаумен айналысатын фирмаларға ғана қатысты", - деді алматылық.

Полицейлер ескертумен шектеліп, компания қызметкеріне айыппұл салмаған. Бұл жағдай құқық қорғау органдары заңды өзінше түсіндіре ме деген ой тудырады. Ал биылғы наурызда Қазақстанда осындай 519 162 кәсіпорын болған.

Tengrinews.kz Ішкі істер министрлігіне жүгінген. Басылым күн сайын медицина қызметкерінің мөрін алуға қатысты талап кімдерге қойылатынын анықтаған. Қауіпсіздік пен жол ережелерін қадағалайтын әкімшілік полиция комитеті өкілдері жауап берген.

"Жол қозғалысы туралы" заңға сәйкес жүргізуші мына құжаттарды өзімен бірге алып жүруге және тексеріске беруге міндетті: жүргізуші куәлігі, көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік және жол парағы. Осыған ұқсас талаптар Үкімет 2014 жылғы қарашада бекіткен "Жол қозғалысы ережелерінде" айқындалған.

"Жолаушылар мен жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларына" сәйкес тасымалдаушы жол парағын рәсімдейді және жүргізушілердің рейс алдындағы, рейстен кейінгі медициналық тексерістен өтуін қамтамасыз етеді", - делінген жауапта.

Ведомство мәліметінше, "автомобиль тасымалдаушысы" ұғымына жеңіл көліктерді қоспағанда, автокөлік құралдары бар, жолаушыларды, жүктерді және почта жөнелтілімдерін тасымалдау бойынша қызметті көрсететін жеке немесе заңды тұлға жатады.

"Сондықтан қызметіңіз "автомобиль тасымалы" ұғымына жатпаса, полицейлердің жол жүру парағын сұрау талабы заңсыз саналады", - деп қорытындылады комитет өкілі.

Сонда жол жүру парағындағы медициналық мөрді жолаушылар, жүк тасымалдаумен айналысатын жеке компаниялардың жүргізушілері алуға міндетті. Бұл санатқа автопарктер, такси парктері және т.б. жатады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова