Зеренді ауданында жұмысшылар алты айдан бері жалақыларын ала алмай жүр

Зеренді селосында "Зеренді Сервис" коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлері алты айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Ащы жанайқайын жергілікті аудан әкімдігіне, прокуратураға жеткізіп, шағым бергенімен күні бүгінге дейін жұмысшылар көк тиын көрмепті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері әр ай сайын күнде ертеңмен тойдырып, жалақыларының мүлде берілмегенін айтып отыр. 

"Біз жалақымызды қаңтар айынан бері ала алмай жүрміз. Зеренді әкімдігіне, прокуратураға да жүгіндік. Бірақ әлі күнге ештеңе шешілген жоқ. Әр ай сайын біресе дүйсенбі, одан кейін жұма күні деп осы уақытқа дейін сиырқұйымшақтатып созып келеді. Облыс әкімі біздің осы мәселеге назар аударса екен дейміз. Ешкім мұнымен айналысқан да жоқ. Тіпті жалақыларыңды енді күтпеңдер дегендер де табылды, - дейді "Зеренді Сервис" коммуналдық кәсіпорнының жұмысшылары. 

Зеренді ауданы әкімдігі жұмысшылардың аталған жағдайына қатысты тұшымды ештеңе айта алмады. Тек сотқа жүгіну қажеттігі жөнінде кеңес берген болды. 

"Кәсіпорынның жарғысының 11 тармағының 4.6 тармақшасына сәйкес кәсіпорын өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде директор еңбек төлемі, штаттық кесте, лауазымдық жалақы мөлшері, қызметкерлерге сыйақы және басқа да төлемдерді тағайындау формаларын еңбекті төлеу қорыныың мемлекеттік басқару органымен бекітілген шекте бекітеді. Жоғарыда аталған негізде және Зеренді ауданының "тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" мемлекеттік мекемесі ережесіне сәйкес  1.11 тармақта көрсетілгендей мемлекеттік мекеме қызметін қаржыландыру тек мемлекеттік бюджет есебінен ғана жүргізіледі. Сондықтан мемлекеттік мекемеге осы мекеменің функциясы болып табылатын міндеттерді орындауға кәсіпкерлік субъектісі келісімшарт жасауға тыйым салынады. Осыған байланысты шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорын қызметкерлеріне жалақы қарызын өтеу жөніндегі мәселені шешу үшін тек сотқа жүгіну қажет", - дейді Зеренді ауданы әкімдігінен. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!