Павлодарлықтар аптап ыстықтан тасаттық беріп, құрбандық шалды

Қуаңшылық пен құрғақшылықтан қауіптенген Кереку жұрты жаппай тасаттық беріп жатыр. Бұған дейін өңірдің бірқатар аудандарында Алладан жәрдем сұралса, бүгін облыс орталығындағы "Құлагер" ипподромында құрбандық шалынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілі Жолдас қажы Қоспақұлы бас болып тасаттық намазы оқылды. Тасаттық намазына күннің ыстығына қарамастан облыстың әр түкпірінен бірқауым жамағат жиналды. Құран бағышталып, Алладан жаңбыр тіледі. Бұдан кейін Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітте ас берілді.

Жаз басталғалы бері Павлодар өңірінде күн күйіп тұр. Ауа температурасы соңғы тәуліктерде +40-қа дейін жетті. Аспаннан тамшы тамбаған соң даланың шөбі күйіп кетті. Биыл Ертіс өзені де шабындықтарға толық жайылмады. Сол себепті, өзенді жағалай қонған шаруалар күзде шөптен тарығамыз ба деп қауіптенеді. Тіпті, құрғақшылықтан қорқып мал басын азайтып жатқандар да жоқ емес. Мәселен, өңірдегі ең ірі ешкі шаруашылығы саналатын Май ауданындағы "Ақжар-Өндіріс" ШҚ, Сексек ата төлінің көбін сатып жіберген.

"Мал санын азайтып жатырмыз. Өйткені, жайылым жоқ, шөп жоқ. Тоғайға су шыққан жоқ. Шаруалар осындай қиындық көріп жатыр. Тіпті, 600 ешкіні арзан бағаға сатып жатырмыз. Айтудың өзі ұят", - дейді шаруа қожалық басшысы Гүлзира Қазылова.

Диханшылар да қатты алаңдаушылық білдіруде. Көкөніс өсірушілер тамшылатып суару жүйесімен жан бағар, ал егін жанып кететін түрі бар дейді.

 

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!