Батысқазақстандық мұғалім республикалық байқаудың жеңімпазы атанды

Батысқазақстандық мұғалім республикалық байқаудың жеңімпазы атанды

Жақында педагогтерге арналған жыл сайын өтетін "Жаңашыл мұғалім - 2023" республикалық байқауы қорытындыланды. Педагогтердің білім беру саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға қосқан үлесін тану және тарату, сонымен қатар, педагогикалық инновацияларды қолдау және көтермелеу мақсатында ұйымдастырылған байқауда еліміздің әр өңірінен педагогтер бақ сынайды.

Байқау қорытындысы бойынша 1091 жұмыстың арасынан тәуелсіз комиссия 4 номинация бойынша 5 жеңімпазды анықтады. Солардың бірі БҚО, Бәйтерек ауданына қарасты  Новенькое орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ляйла Тулепкалиева "Тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы цифрлық технологиялар" номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болып, 500 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Ляйла Шапбазкерейқызы - оқытудың жаңа технологиясын терең меңгерген, өзіне де, оқушыларға жоғары талап қоя білетін ұстаз. Оның ұйымдастыру қабілетін әріптестері жоғары бағалайды. Новенькое орта мектебінде 2009 жылдан бері еңбек етеді. Ол өзінің негізгі мамандығымен қатар, 2011 жылдан бастап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқарып келеді. Үнемі ізденісте жүретін ұстаз үздіксіз еңбектенуінің нәтижесінде 2021 жылы педагог-зерттеуші санатын қорғап, 2022 жылы Бәйтерек ауданының "Үздік педагог"  атағын иеленген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек