Оралдық оқушылар бәсекеге қабілетті бизнес жоспарын дайдындады

Оралдық оқушылар бәсекеге қабілетті бизнес жоспарын дайдындады

Оралдық оқушылар күнбағыстың жасыл өскінін өсіру және сату бойынша бизнес жоспарын дайдындады. Жоба авторы №42  "Ақ ниет" гимназиясының 10-сынып оқушылары Гүлмайя Ғиният және Мерхат Саматов ұстаздары Гүлдарья Кубашева және Нұрлы Гиниятованың жетекшілігімен осы бағытта бизнес ашудың  нарықтағы  өзектілігін, бәсекелестердің қарқынын талдап берді. Оқушылар жобаның пайдалы тұстарын, қаржылық шығыны мен кіріс деңгейіне дейін есептеп қойған.

Орал қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша жан-жақты зерделеніп дайындалған бұл жоба кәсіпкерлік саласы өкілдерінің жоғары бағасын алған. Өңірлік "Іскер әйелдер" қауымдастығы ұйымдастырған "Мен болашақ кәсіпкермін" байқауында жоба жұмысы ІІ орынға ие болды.

Жобаның міндеті - аймақтың нарықтық экономикасында маркетингтік талдаулар жүргізу арқылы, микро  жасылдар нарығын зерттеу, баға саясатын талдай отырып, өнімнің өзіндік құнын анықтау. Сондай-ақ, микро жасылдарды тұтынушылар арасында кеңінен таратып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді.

Мектеп оқушылары Гүлмайя Ғиният пен Мерхат Саматовтың пікірінше, қазіргі таңда азаматтардың денсаулық деңгейі жақсы жағдайда емес. Бұған экологияның нашарлығы, тамақ өнімдерінде "химияның" көп болуы, үнемі күйзелісте жүруі  себеп боп тұр. Мұндай жағдайда семіздік, жүрек-қан тамырлары аурулары және екінші типтегі қант диабеті дамиды. Денені нығайту үшін адамдар көкөністер мен шөптерді көбірек тұтынуы қажет. Еуропада және батыста "органикалық тағам" тренді танымалдылықтың шыңына жеткен.  Өкінішке қарай, елімізде көкөністерге деген құштарлық аса байқалмайды.  

Осы жағдайды реттеуде күнбағыстың жасыл өскінін микрожасылдар деңгейінде өсіріп, оны тұтынушыға ұсынудың маңыздылығы зор. Өздерінің бизнес-жоспарында көрсеткендей, оқушылар тұтынушы нарығын, бәсекелік ортаны, жобаны жүзеге асырудың тиімділігі мен тәуекелділігіне зерттеу жасап, сәйкесінше шешу жолдарын да ұсынады. Нәтижесінде күнбағыс өскінін үй жағдайында өсірудің тиімді әдіс-тәсілдерімен таныстырады. Адам ағзасы үшін құндылығы жоғары тағам екендігін анықтап, тамақ өнеркәсібіне енгізу жолдарын іздестіреді. Бұл ретте аймақтың тұтынушыларын, нақты айтқанда кафе, ресторандар, жеке тұтынушыларды жоғары сапалы күнбағыстың жасыл өскінімен қамтамасыз ету басты нысан болмақ.

"Жобаны бастауға 501 мың теңге қажет. Ай сайын таза табыс 72 мың теңге. Есеп бойынша 6-7 ай ішінде шығынды кері қайтарудың  мүмкіндігі бар. 1 жылда 864 мың теңге табыс табуға болады. Сондықтан болашағы мол бизнес құруға және нарықта ұзақ уақыт бойы орнығуға мүмкіндік бар",  – дейді оқушылар.

Айгерім Ғалым

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!