"Көргенсіздік, ұят вообще" - депутат Еділ Жаңбыршин отбасына қоқан-лоқы көрсетілгенін айтты

Депутат Еділ Жаңбыршин белгісіз біреулер оның отбасына қоқан-лоқы көрсеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Өткен жылы Самат Базарбайұлы екеуіміздің отбасымызға қоқан-лоқы көрсетіліп, шабуылдар жасалды. Біз ҰҚК, Ішкі істер министрлігіне жаздық. Біз мысалы Маңғыстаудағы мәселені көтеретін болсақ, бізге ақпараттық шабуылдар басталып кетеді. Бір қызығы әкімдер айналасына блогерлерді жинап алып, оларға ақша беріп, тапсырыспен депутаттарға тиіседі.

Біз заң қабылдайын деп отырмыз, бұл бәріне қатысты мәселе. Осындай кибершабуылдарды сіздер бұғаттай алмасаңыздар, бұл заңның қандай қажеттілігі бар? Бұғаттай алмасақ, заң шикі болады. Сондықтан ҰҚК, ІІМ, басқа да құзырлы органдар, сіздер мұны тия аласыздар ма? Біздің сыртымыздан отбасымызға тиісіп бастады. Бұл не деген көргенсіздік? Ұятсыз вообще. Ары таза адамдарға тиісіп, сыртынан жала жауып, әлеуметтік желіде соның бәрін таратады", - деп ашуланды депутат.  

Бұл ақпаратқа қатысты ҰҚК өкілі жауап берді. 

"Өте өзекті сұрақ. Бұл мәселе бойынша үлкен жұмыстар істеліп те жатыр. Оның нәтижесі де бар. Статистикалық көрсеткіштердің шет-жағасын айтып шықтым. Қылмыстық кодекстің 274-баппен жыл сайын 25 қылмыс жасалып жатыр. Оның ішінде, 5-6 іс сотқа жіберілді, қалғаны бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның ішінде алаяқтық мәселесі де бар", - дейді ҰҚК өкілі. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!