Генерал Серік Күдебаев сот үкіміне шағымданды

Генерал Серік Күдебаев сот үкіміне шағымданды
Фото: Фото:gov.kz

10 жылға сотталған генерал-майор Серік Күдебаев апелляциялық шағым түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жетісу облысы сотының мәліметінше, Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы үкіммен келіспей, оны аппеляцияға беру туралы шешім қабылдаған. Апелляциялық сот отырысы 29 маусымда өтеді.

"Серік Күдебаевқа қатысты қылмыстық істі қарау Жетісу облыстық сотының ғимаратында 29 маусымда сағат 15:00-ге белгіленді", - деді облыстық соттың баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Орынбасаров.

Айта кетейік, былтыр сәуірде бірнеше аймақтағы Полиция департаменттері мен ҰҚК басшылары қаңтардағы тәртіпсіздік бойынша күдікті деп танылды. Екі аптадан кейін ІІМ басшысы Серік Күдебаевты қызметінен босатты. Содан кейін ол өз еркімен кеткені туралы хабарланды. Ал мамырда қаңтар оқиғасы бойынша күдіктілер тізімінде Күдебаев та бар екені белгілі болды.

Сондай-ақ, биыл 5 қаңтарда Мәжілісте Алматы облысы ПД бастығы Серік Күдебаев түсіп қалған видео көрсетілді. Кадрларда ол қарулы күзетпен өзі күзетуі қажет болған департамент ғимаратынан кетіп бара жатады.

Еске салайық, бұған дейін прокурор Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланған болатын. Кейін күдікке ілінген генерал Күдебаев ауруханаға түскені белгілі болды. Сондай-ақ, Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы төртінші рет кейінге шегерілді. 

Генерал Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізіледі

Кейін Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды. Сондай-ақ, оның жұмыс істеп тұрған шекара бекеттерінен өтпегені хабарланды. 

Ал ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы, генерал Серік Күдебаев Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны кесіп өтуі мүмкін жерді іздестіріп жатқаны белгілі болды. Ал БАҚ-та "генерал Солтүстік Кипрде жүр" деген ақпарат та тараған еді. Бас прокуратура Күдебаев Бішкектен Ыстамбұлға ұшып кеткені туралы мәлімдеме жасады. 

Қашқын генерал Күдебаевтың тауда жеке шаруашылығы бар - ҰҚК

Ал кеше Бас прокуратура генерал Күдебаев ұсталғанын растады.

28 сәуірде Күдебаевқа сот үкімі шықты. Жетісу облыстық соты мәліметінше, Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек