Есіктегі балабақшада балаларға күш қолданған жаттықтырушы халықтан кешірім сұрады

Есіктегі балабақшада балаларға күш қолданған жаттықтырушы халықтан кешірім сұрады
Фото: видеодан алынған кадр

Алматы облысы Есік қаласындағы балабақшалардың бірінде балаларға күш қолданған жаттықтырушы халықтан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласындағы балабақшалардың бірінде 25 мамырда болған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан жаттықтырушының балаларға жұлқылап жатқанын көруге болады.

Жаттықтырушы жұмыстан өз еркімен кеткен. Каратэге балаларды дайындап, халықаралық деңгейдегі чемпиондарды шығарған азаматтың бұл салада жүргеніне 15 жыл болған. 

"Иә, аяғымды көтергенім рас. Бірақ қатты тигізген жоқпын. Ата-аналарды да түсінемін. Торғай да баласын қорғап шырылдайды. Ата-аналардан кешірім сұраймын", - деді жаттықтырушы Фархат Мұрсәлиев.

Алайда жаттықтырушының әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

"Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергелу барысында. Бұл баппен 160 АЕК сомасында айыппұл және 160 сағатқа дейінгі түзету жұмыстары қарастырылған", - деді Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының орынбасары Айдос Жұмабаев.

Аталған дерек бойынша ендігіде оқиға орнында толыққанды тексеру жүргізілмек. Ал істі аудандық прокуратура облысқа жөнелтіпті. Қылмыстың деңгейі мен қатысушы тараптың жазасы жақын күндері нақты белгілі болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан