Антикор Сатыбалдыұлына және Hilton қонақүйіне қатысты мәлімдеме жасады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдының Алматыдағы Hilton қонақүйін сатып алғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жекелеген азаматтар БАҚ және әлеуметтік желілерде Double Tree by Hilton Almaty қонақ үйін Қайрат Сатыбалдыұлымен қоса адамдар тобының иемдену әрекеттері туралы ақпарат жариялады

Барлығына белгілі, сотталған Қайрат Сатыбалдыұлы қылмыстық-атқару жүйесінің тиісті мекемесінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатыр. Бұл ретте оған қатысты салықтарды төлемеуге және қылмыстық кірістерді заңдастыруға байланысты қылмыстардың басқа эпизодтары бойынша тергеу жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.

Тергеу барысында заңсыз шығарылған активтерді, сондай-ақ қылмыстық қаражатқа сатып алынған мүлікті қайтару бойынша шаралар қабылданады.

"Осыған байланысты Сатыбалдыұлына залалды өтеу мақсатында бизнес орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық үй-жайлар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс объектілері, жер учаскелері, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс автомашиналар мен ақшалай қаражат мемлекетке беріледі.

Олардың қатарына 2021 жылдың қараша айында Сатыбалдыұлымен байланысты кәсіпорын сатып алған Double Tree by Hilton Almaty қонақүйі кіреді", - деп хабарлады Антикор.

Қазіргі уақытта осы объектіні мемлекет меншігіне қайтару аяқталып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!