"Есіксіз әжетхана, шашылған қоқыс, өртенген табиғат". "Көкжайлаудың" қадіріне жете алып отырмыз ба?

Алматыдағы тұмса табиғатымен белгілі Көкжайлау қоқысқа толып барады. Massaget.kz тілшісі демалыс орнына арнайы барып, мәселемен танысып келген еді.

"Көкжайлау" шатқалындағы шашылып жатқан қоқыстан көз сүрінеді. Аптап ыстықта Алатаудың баурайын аңсап демалуға барғандар жер ананың қадірін жете түсінер емес. Отырған жерін ойран-топан қылып, әр жерге от жаққандарға тәртіпті күшейту керек секілді. Әйтпесе қоқысы аздай "Көкжайлаудың" көрінген жері күлге айналыпты. 

Бейнежазбадан көрікті мекеннің қоқыстың астында қалғанын аңғару қиын емес. Қолқаны қапқан күлімсі иіс пен кеңірсекті ашытатытын ауа аумақты алып кеткен. Қаланың ығы-жығы у-шуынан демалуға келгендер өздерімен бірге төрт шақырым өрге қарай ішер су мен жүрек жалғар тамағын, жатар төсегін ала келеді. Кейін барлығын ішіп жеп, қалдығын тастай салады. Қорегін арқалап келгенде, қалдығын кейін ала кетуге неге ерінеді? Салмағы жеңіл қоқыстың, салдары ауыр боларын бүгіннен бастап ойлау керек.

Туризмді дамытуға миллиондарды жұмсаған жауаптылар Көкжайлаудағы дәретхананың сыйқын көрмеді ме? Ұлы сөзде ұят жоқ. Туалеттің тесігі бітеліп, айналасындағы қалдықтан аяқ алып жүру мүлде мүмкін емес. Есігі әкімдердің есебінде болғанымен орнында жоқ. Салдарынан адамдар қуыс-қуысқа дәрет сындыруға мәжбүр. 

Біз дәретхана қағаздарының қалдықтарын жиі кездестірдік. Бұл мемлекеттің табиғатқа ұйымдастырған тікелей қастандығымен пара-пар. Бұл мәселе дереу шешілуге тиіс. 

Демалушылардың арасында адамдықтан аттамағандар да бар. Мәселен табиғат аясында демалушылардың бірі Дархан Сейліханов осы аумақтағы қоқыс қалдықтарының бірсыпырасын өз қолымен жинап жүр. Тірлігі тұтас елге үлгі болған жігітпен тілдесіп көрдік. 

"Мен досыммен кеше келгенмін. Бұл жердің ауасы керемет. Тек адамдар арттарын тазалап жүрмейді. Досым екеуміз өзіміз тастамасақ та айналадағы қоқыстарды жинап жүрміз. Мына теректердің арасында дәретхана қағаздары тым көп. Инспектор "қоқысты өздеріңмен бірге ала кетіңдер немесе өртеп жіберіңдер" деп ескертті. Алайда оған құлақ салған ешкім жоқ. Бұл біздің менталитет қой", - дейді ол.

Менталитетті қалыптастыратын да өзіміз. Табиғатты аялауға келгенде адамзатты алалауға болмайды. Себебі жер ана деген жердегі жеті милиард адамға ортақ түсінік бар. Репортаж жасау барысында өзге ұлттың өкілдерін де сөзге тарттық.

"Мәдениетті адамдар мұнда қоқыс тастамайды. Көбінесе жастар қоқысқа мән бермейтін. Біздің елде табиғат аясына шыққан адам қоқыс қалдықтарын өзімен бірге ала кетеді. Бұл айтпаса да түсінікті жағдай ғой. Мынандай табиғаттың қадірін білу керек. Демалушылар таудың басына сусынын көтеріп ала келеді, бірақ ішіндегісі таусылып жеңілдеген соң осында тастап кете салады. Ішінде суы бар кезде ауыр көрінбеген бөтелке, ішіндегісі таусылған соң неге ауырсынатынын түсінбеймін", - дейді Лена Пак есімді шетелдік қонақ. 

Көкжайлауға жаны ашып жүрген жанның бірі орман сақшысы Андрей Золотеров. Өткен кеткенге "қоқыс тастама, себепсіз от жақпа" деп ескертіп есі кетіп жүр. Айтуын айтқанмен, демалуға келгендер ақылды адамның әрекетін істемейтін көрінеді.   

"Адамдар қоқысты көп лақтырады. Әркім өзінің артын өзі тазалап жүрсе бұл жер әлдеқайда таза болар еді. Ешкім үйінде қоқыс тастамайды ғой. Ал мұнда жол-жөнекей қоқыс тастайды, тау басына шыққан соң от жағып, қалдықтарын шашып білгенін істейді. Қоқысты өзімен бірге ала кетуі керек. Болашақ ұрпаққа бұл аумақты таза күйінде қаз-қалпында қалдыруымыз керек", - дейді табиғатқа жанашыр ағамыз.

Қазақстанның көрікті жерлеріне барып демалған, тұмса табиғат пен тынысыңды ашар ауадан ем алған жақсы әрине. Бірақ демаламын деп барып, жер ананы деміктіріп кетуге ешкімнің құқығы жоқ. Егер дәл бұлай жалғаса берсе бір-екі жылда "Көкжайлау" демалыс мекенінен қоқыс полигонына айналуы әбден мүмкін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!