Тергеу кезінде 88 азаматқа азаптау әдісі қолданылған - Бас прокуратура

Тергеу барысында 88 азаматқа рұқсат етілмеген азаптау әдісін қолданған күштік органдарының 39 қызметкері қылмыстық жауапқа тартылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы полиция қызметкерлері арасында азаптаудың алдын алудың мәселелері Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев қатысқан Ішкі істер министрлігінде өткен ведомствоаралық кеңесте талқыланды.

Ведомство мәліметінше, азаптаудың алдын алу бойынша маңызды қадамдардың бірі полицияның пенитенциарлық мекемелері мен қызметтік үй-жайларында үздіксіз бейнебақылауды енгізу болып саналады. 

Бас прокуратура полиция ғимараттары мен ҚАЖК мекемелерінде тексеру кезінде бейнекамералармен қамтылмаған 5812 учаске мен үй-жайлар және 900 жұмыс істемей тұрған камера  анықтады.

Прокуратураның ұсынысы бойынша "Көрінбейтін аймақтарды" болдырмау үшін 3783 қосымша бейнекамера орнатылды.  Ғимараттарды толық жарақтандыруды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Аумақтық полиция департаменттерінің, ҚАЖК және ІІМ орталық аппаратының 19 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 

Қазіргі уақытта 88 азаматқа қатысты тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолданғаны үшін күштік органдарының 39 қызметкері қылмыстық жауаптылыққа тартылады. ІІМ басшылығына психологиялық тестілеу өткізу арқылы азаптауды қолдануға бейім қызметкерлерді алдын ала анықтау ұсынылды.

Азаптауға қарсы кешенді шараларды іске асыру жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!