Елімізде "болашағы жоқ" қанша ауыл бары белгілі болды

Елімізде "болашағы жоқ" қанша ауыл бары белгілі болды
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстанда 3 мыңға жуық "болашағы жоқ" ауыл бар. 700 мыңнан аса адам тұрып жатқан елді мекендердің ертеңі бұлыңғыр. Кейбірінде жол, су жоқ. Тіпті көпшілігі өркениет көшінен қалып қойған. Аймақтағы ағайынды алаңдатқан мәселелер Мәжілісте көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап. 

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, олар енді бір бесжылдықта да қала қатарына қосылмауы мүмкін. 

Баяндамасын "болашағы жоқ" ауылдар деп бастаған Әлібек Қуантыровтың бұл тіркесі халық қалаулыларына ұнамады. Жолы жоқ, тіршілік нәрінен тарыққан жұрттың бүгінін білген министр ертеңінен бейхабар. Ұлттық экономика министрінің келтірген бір дерегі - қазір ауылда адам саны азайып барады. Жағдайы келсе, жыл сайын 200 мың тұрғын көшін қалаға ауыстырады екен. Үрдіс жалғаса берсе, ауылдың болашағы шынымен бұлыңғыр болмақ.

"Біз қазір көпшілік туралы, 90 пайыз ауылдарды айтып жатырмыз. Оның бәріне қаражат жетпейді", - деді ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Халық қалаулылары ағайынды алаңдатқан түйткілді мінберде тағы көтерді. Қазақстандағы білім ошақтарының 89-ы қазір құлағалы тұр. Депутат Нұртай Сабильянов мәліметінше, мектептердің 25 пайызында спорт залы жоқ, 15 пайызы асханамен қамтылмаған.

"Ауыл оқушыларының бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін ауылдық және қалалық мектептердегі материалдық техникамен қамтамасыз ету тұрғысынан алшақтықты жою керек. "Жайлы мектеп" жобасымен 400 мектеп салынады. Ал енді 2021 жылғы статистика бойынша 1642 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. 89 мектеп апатты жағдайда тұр", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіші бойынша Шығыс, Батыс Қазақстан мен Жетісу облыстары төменгі орында тұр. Әлібек Қуантыров мұны жергілікті әкімдіктердің сылбыр жұмысымен байланыстырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек