Алматыда әріптесін абайсызда өлтіріп алған полицей қалай жазалануы мүмкін?

Алматыда әріптесін абайсызда өлтіріп алған полицей қалай жазалануы мүмкін?
Фото: polisia.kz

Алматыда полиция қызметкері әріптесін абайсызда өлтіріп алған болатын. Енді ол қалай жазалануы мүмкін екені айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Алматыда полиция қызметкері табель тапаншасымен әріптесіне оқ атты. Ауыр жарақат алған 28 жастағы сержант оқиға орнында жан тапсырды. Полицияның мәліметінше, тәртіп сақшысы қызметтесін абайсызда өлтіріп алған.

Қос сержант полиция ғимаратының бақылау-өткізу бекетінде жұмыс істеген. Куәгердің айтуынша, тәртіп сақшылары арасында кикілжің болмаған. Таңғы сағат жеті шамасында екеуі ас ішетін бөлмеде әңгімелесіп отырыпты. Сол уақытта біреуі қызмет қаруымен байқаусызда жанында отырған әріптесін атып өлтірген. Қазір "Абайсызда адам өлтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама да тағайындалды. ҚР ҚК 104-бабында үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған.

"Алматы полиция департаменті бүгін полиция қызметкері қызмет қарумен өз әріптесіне оқ атқанын, ол алған жарақат салдарынан қайтыс болғанын хабарлайды. Аталған дерек ҚР ҚК 104-бабымен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды", - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина