Қайрат Сатыбалды қамауда отырып қонақүй сатып алған – депутат

Қайрат Сатыбалды қамауда отырып қонақүй сатып алған – депутат

Мәжіліс депутаты, журналист Мақсат Толықбай сотталған кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының қамауда отырған кезінде 6 миллиард теңгеге сатып алу-сату мәмілесін жасағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Толықбай бұл мәселені Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында көтерді.

Депутат Алматыдағы Hilton қонақүйінің 160 қызметкерінің арыз-шағымын тыңдап қайтқан.

Оның сөзінше, қонақүйді өз күшімен 10 жылға жуық уақыт салған заңды иесі Шолпан Каранеева ғимаратты Қайрат Сатыбалдының рейдерлік жолмен тартып алғанын 2020 жылы-ақ ашық айтып, "Азаттық" сияқты талай ақпарат құралдарына сұхбат берген.

"АБЛИ Құрылыс" компаниясының құрылтайшысы Шолпан Каранеева былай дейді: Осыдан төрт жыл бұрын (2019 ж) франчайзинг келісімімен Hilton қонақүйін салған. Құрылысты аяқтау үшін "Capital Bank Kazakhstan" АҚ-на қонақүйді кепілге қойып 4 миллиард 200 миллион теңге сомасында қарыз алған. Короновирус пандемиясы басталған 2020 жылы Hilton қонақүйі қызметін уақытша тоқтатқан.

Сол кезде президент кәсіпкерлерді тұралап қалмау үшін банктерге төлемдерді уақытша тоқтатуға бұйрық берген. Ал "Capital Bank Kazakhstan" АҚ президент бұйрығын пысқырмаған. Банк тарапы өтінішке жауап бермей, қонақүйді "Заңгер" коллекторлық агенттігіне береді. Ал "Заңгер" қонақүйдің нарықтағы құны 9,5 миллиард теңгеден асса да, оны бар болғаны 5,1 млрд теңгеге бағалап, "Байдала" ЖШС-не сатып жіберген", - деп жазды депутат.

Ал Шолпан Каранеева "Байдала" компаниясының артында Қайрат Сатыбалды тұр", "Рейдерлік басып алу әрекеті" деп аппеляциялық сотқа шағымданғанымен нәтиже шықпағанын айтқан.

"Қайрат Сатыбалды ұсталып, дүние-мүлкі тәркіленген кезде біздің құзырлы органдар DoubleTree by Hilton қонақүйін де Қайраттың тәркіленген мүліктерінің қатарына қосып қойған. "АБЛИ Құрылыс" компаниясы "Біз "Байдала" ЖШС-мен соттасып жатырмыз, бұл қалай Қайрат Сатыбалдыға өтіп кетеді, іс әлі қаралып жатыр ғой?!" деп арыз түсіргеннен кейін Қайрат пен "Байдала" арасында тез арада келісімшарт (договор купли-продажи) жасалады. Түрмеде! Ол жерге нотариусты қалай кіргізіп жүр, түрмеде отырған Қайраттың қалтасында 6 млрд теңге қайдан жүр?! Бұл жерде де заңсыздық көп.

"Ендігі схема былай: қонақүйді Қайрат Сатыбалдының атынан мемлекеттік активке өткізіп жіберіп, арзан бағада аукцион арқылы өз аттарына аударып алғысы келетін басқа мүдделі топтар қатты жұмыс істеп жатыр. Қайрат Сатыбалды ұсталса да, рейдерлік әрекет жалғасып жатыр" дейді шағымданушы", - деп жазды Мақсат Толықбай.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан