Үндістандағы теміржол апатынан зардап шеккендердің саны 300-ге жетті

Үндістандағы теміржол апатынан зардап шеккендердің саны 300-ге жетті
Фото: "Астана"

Үндістанның Одиша штатында бірнеше пойыздың соқтығысуынан қаза тапқандар саны 300-ге таяды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Шетелдік басылымдардың мәліметінше, қазіргі уақытта 294 адамның қайтыс болғаны айтылған. Тағы жүзге жуық жолаушы ауыр жағдайда. Зардап шеккендердің саны мыңнан асты.

20 жылдағы ең үлкен теміржол апатының аясында оппозиция Үндістанның байланыс жолдары министрі Ашвини Вайшнауды отставкаға кетуге шақырды.

Оқиға 2 маусымда Баханага Базар станциясының жанында болды. Coromandel Express жолаушылар пойызы жүк пойызымен соқтығысып, сегіз вагон рельстен шығып кетті. 

Еске салайық, кеше Үндістанда пойыз апатынан қаза тапқандар саны 288-ге жеткені хабарланған болатын. Мыңға тарта жан жараланған. Алдын ала мәлімет бойынша, "Шалимар-Коромандель" бағытында келе жатқан жүрдек пойыздың бірнеше вагоны рельстен шығып, басқа жолмен келе жатқан пойызбен соқтығысады.

Әзірге апатқа не себеп болғаны белгісіз. Қазір оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр. Билік өкілдерінің айтуынша, опат болғандар саны әлі де артуы мүмкін. 

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Нарендра Модиге және Үндістан халқына теміржол апаты салдарынан болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина