Түркістан облысында тағы бір отбасыға үйді 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер сыйлады

Түлкібас ауданындағы түлектер мұқтаж отбасыға баспана сыйлады. Абай және Б.Садықов атындағы мектептердің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектері қосылып, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған Кемелбековтер отбасына аудан орталығынан 6 бөлмелі, қорасы мен моншасы, сарайы бар баспана кілтін табыстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Түлектер ортадан ақша жинап, 8 миллион 600 мың теңгеге алынған үйдің ішін қажетті жиһаз-техникалармен де ішінара жабдықтап берген.

Күйеуі, әйелі және қызының мүгедектігі бар отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.

Шара соңында дәстүр бойынша 2003 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2004 жылғы түлектерге табыстады.

Осыдан 6 жыл бұрын Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрғынүйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға үй сыйлаған. Мұны кейінгі түлектер де жалғастырып, бұл дәстүрге айналған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!