Министр жаңадан пайда болған екі мереке жалпыхалықтық сипат алатынына сенеді

Ақпарат және қоғамдық министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанда пайда болған екі жаңа мереке - Аналар және Әкелер күнінің маңызын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Халқымыздың "Отан отбасынан басталады" деген нақыл сөзінің мәні тереңде жатса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Берекелі әрі бақытты отбасы қуатты елдің тірегі" дегені белгілі.

Отбасын нығайтатын факторлардың бірі – әулет мүшелерінің бірге уақыт өткізуі, ортақ қуанышты бірге атап өтуі екені анық. Министрлікке қарасты Қазақстандық қоғамдық даму институтының "Қазақстандық отбасылар" ұлттық баяндамасында көрсетілгендей, еліміздегі отбасылық дәстүрлердің діңгегі – әулет мүшелерінің туған күнін атап өту екен. Бұл - сауалнамаға қатысқан 86 пайыздан астам респонденттің ой-пікірі. Сондай-ақ отбасылардың жартысынан көбі Жаңа жыл, 8 наурыз, 22 наурыз және тағы басқа мемлекеттік мерекелерді атаған.

Сол себепті бекітілген әзіз әкелер мен ардақты аналарға арналған бұл атаулы мерекелер ұлттық болмысымызға сай жаңа мазмұнда тойланып, жалпыхалықтық сипат алады деген ойдамыз.

Аталған мерекелер отбасы институтын нығайтуға, аналарымыз бен әкелеріміздің мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етеді деп сенеміз.

Әкелер күні демекші, осыдан 40 жыл бұрын ардақты әкеміз мәңгілік сапарға аттанған еді. Өмірден ерте озған әкеміздің жарқын бейнесі, ол туралы жылы естеліктер әлі күн жадымызда. Сондықтан әкеге, анаға құрмет, көз тірісінде қадіріне жету әрдайым көңіл төрінде тұруға тиіс деп білеміз.
Бүгінгі Балалар құқығын қорғау күнінде пайда болған мәні зор мерекелер құтты болсын! Әкелеріміз бен аналарымыз аман болсын!", - деп жазды министр.

Еске салайық, Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі жаңа мерекелермен толықты. Енді елімізде екі жаңа мереке - Аналар және Әкелер күні пайда болды. Үкімет басшысы тиісті қаулыға қол қойды.

Халықаралық бекітілген күндерге сәйкес, Аналар күні мамыр айының екінші жексенбісінде, Әкелер күні маусымның үшінші жексенбісінде түрде атап өтіледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!