Ақтауда Каспий жағалауында су қарайып кеткен

Ақтауда Каспий жағалауында су қарайып кеткен
Фото: t.me/egovpress

Ақтау тұрғындары Каспий теңізінің жағалауындағы судың қарайып кеткенін видеоға түсірген. Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Бұл туралы  Tengrinews жазды.

Ақтау жағалауындағы судың қарайып кеткенін Lada.kz жариялады. Кадрларда қара толқындардың құмды жағаға соғылып жатқаны көрінеді.

Ведомствоның мәліметінше, теңіз суының қараюына шіриген балдырлардың ыдырауы, сондай-ақ судың таяздануы және тұрып қалуы сияқты ұзақ мерзімді табиғи құбылыстардың салдарынан теңіз түбіндегі лайдың шығуы себеп болуы мүмкін. 

"Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг аясында 31 мамырда Ақтау қаласының 1-шағын ауданындағы жағажайдың суының ластанғаны туралы мәлімет анықталды. Осы дерек бойынша экология департаментінің мамандары іс-шаралар жүргізді. Тексеру барысында оған маңайындағы заңсыз салынған пирстер себеп болғаны анықталды. Ақтау қаласы әкімдігі бұл заңсыз құрылысты бұзу бойынша былтырдан бері шаралар қабылдап келеді. 19 мамырда пирсті бұзу аяқталды. Қазіргі уақытта судың табиғи жаңару процесі жүріп жатыр", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жағажайдың бұл учаскесі 2021 жылдың 29 қазанынан бастап "Mangystau project" ЖШС басқаруында.

"Келісім шартқа сәйкес, жақын арада кәсіпкер жағалау аймағын тазарту шараларын қолға алмақ. Бүгінде пирсті бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейін жағалау аймағын дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі", - делінген хабарламада.

Т. Раушанұлы