30 жаңа автобус берілді: Түркістанда балалар күні ерекше тойланды

30 жаңа автобус берілді: Түркістанда балалар күні ерекше тойланды

Түркістанда 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай "Балалардың игілігі үшін" гала-концерті өтті. Биыл Соңғы қоңырау мен Балалар күні бірге тойланып жатқандықтан, салтанатты жиында халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. 15 оқушыға облыс әкімінің Алғыс хаты мен 200 мың теңге сертификаты табысталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биыл Түркістан облысында 31 мыңнан аса түлек мектепті бітірген. Жалпы, осы оқу жылында білім алған балалар саны 500 мыңнан асады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өзінің құттықтау сөзінде айтты.

"Құрметті балалар, оқушылар! Сіздерді Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының және облыстық мәслихаттың атынан құттықтау үшін арнайы келіп тұрмыз. Мерекелеріңіз құтты болсын! Түркістан - дарынды, білімді, өнерлі балаларымен мақтанатын ерекше өңір. Биылғы оқу жылында өңірімізде 500 мыңнан аса бала білім алды. Облысымызда 1000-мектеп ашылды. Ел Президентінің тікелей қолдауымен балаларға, өскелең ұрпаққа жағдай жасау үшін игі бастамалар қолға алынып жатыр. Түркістан өңірінде "Қауіпсіз мектеп" жобасын жүзеге асырамыз. Балалардың дамуына, білім алуына жан-жақты жағдай жасау жалғасады. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Ата-ананың, елдің үмітін ақтай беріңіздер", - деді Бейсен Тәжібаев.

Алдағы 3 жылда өңірде тағы 96 мектеп салынғалы жатыр. Және жыл өткен сайын оларға жақсы жағдай жасалып жатыр. Соның бір аймағы - биыл облыс мектептеріне 101 автобустың бөлінуі. Соның 71-і тапсырылды. Ал бүгін облыстың барлық өңіріндегі мектептерге қалған 30 автобустың кілті тапсырылды. Бұдан басқа, жазғы демалыста 26 мыңнан аса балаға демалыс лагерьлеріне тегін жолдама берілді.

"Бүгін менің балам мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алып отыр. Қазір олардың білім алуына керемет жағдай жасалынған. Тіпті оқушыларды тасымалдауға су жаңа автобустар беріліп отыр. Лагерьге тегін жолдама береді деп жатыр. Тамақ та беріледі. Шүкір, бұл да болса Тәуелсіздігіміздің және облыс орталығы атанғанымыздың арқасы. Расында, "Жаңа Қазақстанда" өмір сүріп жатқанымызды әсіресе осы Түркістан тұрғындары шын сезініп жатыр деп толық айта аламын", - деді ата-ана Шарагүл Ниязова.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында оқушылар халықаралық, республикалық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында 9 алтын, 17 күміс, 20 қола медаль иеленді. Республикалық "Ұлттық мектеп лигасы" жарысында Түркістан өрендері 10 алтын, 4 күміс, 5 қола медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте үш жыл қатарынан I орынға ие болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек