Жайдарманшылар Қырғызстанда өткен Алатау кубогын жеңіп алды

Жайдарманшылар Қырғызстанда өткен Алатау кубогын жеңіп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2023 жылғы 31 мамырда Бішкек қаласында екіелдің КВН командалары өзара сынға түскен Алатау кубогыне арналған "Көңүлдүү жигиттер" атты жекпе-жек ойыны өтті. Ойын барысында Қырғызстан мен Қазақстанның үздік командалары өз өнерлерін ортаға салды.

Осындай нысандағы сайыс түркітілдес мемлекеттердің командалары арасында алғаш рет өтті. Іс-шараға екі елден 4 командадан жалпы саны 8 топ бас жүлдеге таласты.

Қырғыз елінен: DVD, "Акыл карачан", "Торнадо", "Келечек" командалары, ал Қазақстан намысын: "Жуалы" (Тараз қаласы), "Қазалы" (Қызылорда қаласы), "Алатау Su" (Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Алматы қаласы), "Ақпен бірге" (Астана қаласы) командалары қорғады.

"Бұл ойын көптен бері жоспарланған еді. 2016 жылдан бастап түркі елдері арасында ойындар жасап бастадық. 2017-2019 жылдары Қазақстанда 3 рет өтіп, 10-ға жуық елден командалар келіп қатысты. Ал бүгінгі ойын үлкен форматта өтіп жатыр. Ұсынысты қырғыз ағайын бірден қуана қабылдады. Алдағы уақытта жауапты кездесу Қазақстанда өтеді деп жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз - түркі жастары арасында бір-бірімен байланыс орнатып, креативті дамыту және мәдени араластыру. Бұнымен тоқтамаймыз. Jaidarman Сreative Industry компаниясы тек Жайдарман ойындарын ғана емес, түрлі елдердің жастарына арнап жобаларды жүзеге асыруды мақсат етеді", - дейді Jaidarman Сreative Industry компаниясының Бас директоры, Қазақстан КВН одағының Президенті Есентүгел Елеукен.

Айта кетейік, жекпе-жек форматындағы сайыс 2:2 ұпай санымен тең түскенімен, Алатау кубогы Қазақстанның еншісінде кетті.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!