Жаңаөзенде жол ережесін бұзған түлектер жазаланды

Жаңаөзенде жол ережесін бұзған түлектер жазаланды
Фото: Видеодан алынған кадр

Желіде жаңаөзендік түлектердің көліктің есігінде отырғаны көрсетілген видео пайда болды. Облыстық полиция департаменті өкілдері жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер жауапкершілікке тартылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыс полиция қызметкерлері 30 мамырда әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Ақсу-Жаңаөзен ықшамауданындағы жолдардың бірінде мектеп бітірушілердің бірнеше құқық бұзғанын анықтаған.

Daimler Chrysler маркалы автокөліктің жолаушылары қауіпсіздік белдігін тақпай тәртіп бұзған. Жаңаөзен патрульдік полиция ротасының қызметкерлері бұл көліктің жүргізушісін анықтап, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 593-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылған.

Сондай-ақ, Mercedes Benz E 320 көлігінің жүргізушісі бірден екі құқық бұзған. Ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 614-бабында көзделген талаптарды бұзып, басқа жүргізушілердің көлік жүргізуіне қасақана кедергі жасаған. Осы бап бойынша 21 жастағы ер адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, бұл көліктің артында отырған жолаушылардың қауіпсіздік белдігін қолданбағаны анықталып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 593-бабы 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.

"Заң аясында осы бап бойынша BMW 5251 көлігінің жүргізушісі де жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Түлектер көлік терезесінен шығып, жол ережесін бұзған. Маңғыстау облысының жол қозғалысы басқармасы жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және құқықбұзушылықтың алдын алуға шақырады", - деді облыс полиция қызметкерлері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек