Түркістанда тұңғиық гүлдеді

Түркістанда тұңғиық гүлдеді
Фото: Автордан

Бұрын тек Таяу Шығыс, Азия, Аустралияда ғана өсетін тұңғиық гүл бүгінде Түркістанның қақ ортасында да гүл ашқан. Судың ортасындағы батпақта өссе де, одан хош иіс аңқып тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үндістан мен Въетнамның ұлттық символы саналатын өсімдік Түркістанда 320 гектар аумақта тербеле өсіп тұр. Су айдынына ерекше көрік беріп, жұпар иісі аңқыған бұл гүлді жергілікті агрономдар қолдан өсіріпті.

"Тазалық пен сұлулықтың символына айналған ғажайып гүлдің әлемде 100-ге жуық түрі бар. Түркістанда кездесетіні соның - "Тұңғиық" деп аталатын сұрпы. Көл бетінде қалқып жүргендей әсер қалдыратын ерекше өсімдік Түркістанда алғаш рет 2019 жылы гүлдеді", - дейді "Жасыл Түркістан" КММ агрономы Әбдірахман БАБАЕВ.

Табиғаттың осы бір ерекше құбылысын тамашалау үшін тіпті арнайы келіп жатқан туристер де бар.

"Шыны керек, Түркістанды танымай қалдық. Бұрын сап-сары боп, қурап тұрушы еді. Қазір жап-жасыл боп жасарып, тіпті лотос өсіп жатыр дегенге сене алмай, өз көзімізбен көруге келдік. Расында, ғажап! Облыс орталығына айналуының бес жылдығы құтты болсын!", - дейді талдықорғандық Әділет пен Аяна Көпбаевтар.

Таңертең ашылып, кешке бүркеніп алатын бұл гүл кірпияз емес екен. Ерекше күтімді қажет етпейтін көрінеді. Бойы тіпті 150 см-ге, яғни, баланың бойына дейін жетеді деуге болады. Лотосты жұлған адамдарға жаза қолданылады, себебі ол сирек кездесетін өсімдіктер тізіміне енген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы