Батыс Қазақстан облысында биыл 27 мектептің құрылысы басталады

Батыс Қазақстан облысында биыл 27 мектептің құрылысы басталады
Фото: pixabay.com

Батыс Қазақстан облысында апатты жағдайдағы 12, үш ауысымда оқытатын 9 мектеп бар. Биыл өңірде 27 мектептің құрылысы басталады, оның ішінде 9 мектеп "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасы аясында салынбақ. Жыл соңына дейін 18 мектепті пайдалануға беру жоспарланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен оқушыларды тасымалдау үшін 54 автобус сатып алынған. Өңірде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 100 пайызды қамтиды. Бүгінде 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 84,3 пайызға жетіп отыр. Осы көрсеткішті 2025 жылға дейін 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Батыс Қазақстан облысындағы 25 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлделі орын алса, 9 мектеп еліміздің "100 үздік мектептері" қатарына енді. Әлемнің 57 мемлекеті қатысқан зерттеу нәтижелері бойынша облыстың бастауыш сынып оқушылары PIRLS-2021 халықаралық рейтингінде республика көлемінде бірінші орынға ие болды.

"Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында 9 спорт кешені  пайдалануға беріліп, 4 кешеннің құрылысы салынып жатыр. Бір кешеннің құрылысын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана құрылысы аяқталады", - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Өңірде әртүрлі саладағы маман тапшылығын шешу мақсатында былтыр облыстық бюджет есебінен 113 грант бөлініп, түлектердің жоғары білім алуына сертификаттар табысталған.

Айгерім Ғалым

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан